Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткенімен, бұл коммерциялық банктердің несие пайызын бірден азайтатынын білдірмейді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақша-кредит саясатының әсері экономикаға біртіндеп берілетінін және бұл үдеріс шамамен 9-12 айға созылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифингте журналистер базалық мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан, халық алатын несиелердің пайыздық мөлшерлемесі әлі де жоғары екенін айтып, Ұлттық банктің коммерциялық банктерге несие құнын төмендету жөнінде ықпал ету мүмкіндігін сұрады.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, базалық мөлшерлеменің өзгеруі банктердің қолданыстағы несие шарттарын бірден қайта қарауына әкелмейді. Өйткені әрбір несие бойынша мөлшерлеме клиентпен жасалған жеке келісімшартта белгіленеді.
Бүгін базалық мөлшерлемені өзгерттік екен деп, ертең банктер несие келісімшарттарын қайта жазып шықпайды. Әрбір клиенттің өз несие шарты, өз мөлшерлемесі бар. Келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталғанша, онда көрсетілген шарттар күшінде қалады, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның түсіндіруінше, несие келісімшарттарының мерзімі аяқталып, жаңа шарттар жасалған кезде банктер базалық мөлшерлеменің өзгеруін ескеруі мүмкін. Алайда несие пайызы міндетті түрде базалық мөлшерлемемен бірдей болмайды.
Несиелердің арзандауы неге бірден байқалмайды?
Тимур Сүлейменов ақша-кредит саясатының экономикаға әсері белгілі бір уақыт өткеннен кейін байқалатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үдерістің уақыттық кідірісі шамамен 9-12 айды құрайды. Кейбір қаржы өнімдері бойынша бұдан да ұзақ болуы мүмкін.
Банктер несие мөлшерлемесін белгілеген кезде базалық мөлшерлемемен қатар, қарыз алушының несие тарихын, кепіл мүлкінің бар-жоғын, бизнес-жоспарын және басқа да тәуекелдерді ескереді.
Сондықтан базалық мөлшерлеменің төмендеуі барлық клиент үшін несие пайызы дәл сондай мөлшерде төмендейді дегенді білдірмейді.
Базалық мөлшерлеме бағдар ретінде алынады, бірақ әр клиенттің несие шарттары әртүрлі. Біреудің несие тарихы жақсы, біреудің кепілі бар, ал енді бірінде кепіл болмауы мүмкін. Сондықтан банктердің несие мөлшерлемелері базалық мөлшерлеменің өзгеруіне белгілі бір уақыт кідірісімен жауап береді, – деді Сүлейменов.