Ұлттық банк алаяқтар туралы ескертті

16 Маусым 2022, 18:19
1561
Бөлісу:
Ұлттық банк алаяқтар туралы ескертті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық банкі (ҚҰБ) өздерін инвестициялық компания ретінде көрсетіп жүрген алаяқ топтардың белсенді әрекетке көшкенін хабарлайды.

Қаскөйлер мобильді қосымшалар, сайттар мен жарнамалық роликтер жасауға бейімделіп алған.  Олардың мазмұны жеке тұлғалардың қаражатын басқаруға тарту секілді бағдарламаларды сипаттайды және оны екінші деңгейлі банктермен, ҚҰБ-пен немесе басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген деп көрсетеді. Мұндай жарнамалар – фейк.

Анықталған алаяқтық пиғылдағы ресурстар мен телефон қосымшалары Қазақстанның «мемлекеттік қорынан», «Ұлттық ресурстардан» немесе қаржы нарығын динамикалық болжаудан тез пайда табуды ұсынады, алайда, мұндай мүмкіндіктер тек төлем жасаған қолданушыға ғана беріледі. Сондай сайттарға өтініш қалдырған интернет-қолданушылар ақшасынан айырылатындай тәуекелге барады: алаяқтар алдымен оның жеке деректерін қолға түсіреді, сөйтіп телефон арқылы хабарласып, ақшаны өз реквизиттеріне аудартып алуға әрекет етеді. Әрі қарай, ақша аударылғаннан кейін оны кері қайтару процедурасы ұзақ та күрделі болуы мүмкін. Сөйте тұра салынған қаражатты кері қайтару үшін қосымша ақша салуға қолданушыны тағы мәжбүрлеуі ықтимал.

Алаяқтарды қалай анықтауға болады:

  • ондай сайттар аз уақыт ішінде инвестициядан жоғары әрі тұрақты пайда табуға кепілдік береді;
  • қандай да бір байланыс дерегі жоқ;
  • ресми мемлекеттік тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшыларының фотосуреттері мен ойдан құрастырылған мәлімдемелері келтіріледі; жалған лицензиялар немесе құқық белгілейтін құжаттар пайдаланады;
  • мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің немесе ұлттық компаниялардың логотиптері мен атаулары шын болуы мүмкін. Алайда, ол заңды тұлғалардың, оның ішінде Ұлттық банктің мұндай алаяқтардың платформасына қатысы жоқ.

Ұлттық банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақшалай есеп айырысулар мен мәмілелер жасамайтынын, мемлекеттік қорларда табыс табу үшін қандай да бір платформалар әзірлеуге қатыспайтынын еске саламыз. Іс жүзінде активтерді инвестициялық басқаруға лицензиясы бар ұйымдардың тізімі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған.

Егер сіз немесе сіздің таныстарыңыз осындай сайттарға, мобильді қосымшаларға тап болса немесе телефон-алаяқтарының құрбаны болса – алаяқтық фактісі бойынша құқық қорғау органдарына арызбен жүгінуіңіз қажет.

Ұлттық банктің жеке тұлғалардың ақшасын тартпайтынын және халық үшін «инвестициялық бағдарламалардың» әзірлеушісі болып табылмайтынын анықтап алу үшін ҚҰБ-тың ресми байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы (ұялы телефоннан тегін) хабарласыңыз.

Өзгелердің жаңалығы