Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен іздеушілер ынтымағы бірікпек

4 Наурыз 2023, 14:35
1371
Бөлісу:
Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен іздеушілер ынтымағы бірікпек
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Астанада Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен «Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, меморандум жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу ісіндегі күш-жігерді біріктіруге, бірлескен жобаларды іске асыруға, рухани-адамгершілік құндылықтар мен ұрпақтардың тарихи сабақтастығы идеясын ілгерілетуге бағытталған. 

Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен іздеушілер ынтымағы бірікпек

Аталған құжатқа Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арман Асенов пен «Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы» РҚБ төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты, запастағы полковник Аманжол Оразбаев қол қойды. 

Меморандумға қол қою ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Күш-жігерді біріктіру жаңа жұмыс түрін енгізуге, маңызды ақпарат алмасуға, тәуелсіз Қазақстанның әскери-тарихи мұрасына деген қызығушылықты және жастардың шығармашылық белсенділігін дамытуға ықпал ететін болады, – деп атап өтті ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Асенов.

Кездесу соңында Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің әншілері концерт қойып, көрермендерге елге деген мақтаныш сезімін ұялатқан керемет көңіл-күй сыйлады.

Өзгелердің жаңалығы