Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Желмая жобасының кезекті қонағы болған «Астана» ФК капитаны Абзал Бейсебеков мәлімдеді.
Бұрын сындарды өте жақын қабылдайтынмын. Әлеуметтік желіме пікір жазғанның өзінде біртүрлі еді. Өзім туралы жаман пікір оқып қалсам, көңіл-күйім түсіп кететін. Одан кейін оның бәрін қабылдай білу керектігін түсіндім. Қазір бәрі жақсы, - деді Абзал Бейсебеков.
Сондай-ақ «Астана» ФК ойыншысы неге біздің командалар еуропалық футболдағыдай 60-70 пайыз допқа басымдықпен иелік ететін ойын үлгісін көрсетпейді деген сұраққа жауап берді.
Біз матч барысында допты барынша ұстауға тырысамыз. Допты өзімізге жақсы ұстайтын ойындар да болады. Менің ойымша, көбі бапкерге байланысты болады. Әрине, қарсылас командаға да байланысты, - деді ол.
Жобада Абзал Бейсебеков Ұлттық құраманың бапкері туралы пікір білдірді.
Қазіргі Ұлттық құрама бапкері Талғат Маруаұлы өте білікті жаттықтырушы. Тәжірибелі әрі өз ісін жақсы меңгерген маман. Ол кісінің құрама ойыншылары үшін де талабы бөлек. Кездесу кезінде ол бізге «футбол ойнаңдар» деп айтады. Бұрынғыдай барлығымыз қорғанысқа жатып алып, тасқамал құру деген жоқ. Бар өнерімізді көрсетеміз, - деді «Астана» ФК капитаны.