Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1,8 трлн теңгеге ұлғайтылды

20 Сәуір 2021, 10:20
1638
Бөлісу:
Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1,8 трлн теңгеге ұлғайтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында баяндады.

Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсуі есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2%-ға дейін жақсарды. Құрылыста жоспарланған 17 млн шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға беруіне байланысты болжам 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарды, - деді министр.

Сонымен қатар ақпарат пен байланыста IT қызметтерге сұраныстың өсуі нәтижесінде болжам 3,8%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайды.

Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға яғни 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Импорт 37,1 млрд долларды құрайды. Инфляция бұрын бекітілген 4,0-6,0% дәлізде сақталды, - деп түсіндірді Ерғалиев.

Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды.

Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы 7 204 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 279 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 2 700 млрд теңге мөлшерінде сақталды. Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңгеден 1 850 млрд теңгеге дейін ұлғайды, - деп атап өтті министр.

Оның сөзінше, республикалық бюджет шығыстары 15 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр, бұл бекітілген көрсеткішке қарағанда 1 285 млрд теңгеге ұлғайтылады.

Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,5% деңгейінде болжанып отыр.


Өзгелердің жаңалығы