Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ультрамарафоншы Австралияны жүгіріп өтіп, жаңа әлемдік рекорд орнатты

Әсел ӘБІЛБЕК
20 Мамыр 2025, 11:25
709
Бөлісу:
 ВВС
Фото: ВВС

31 жастағы британдық ультрамарафоншы Уильям Гудж Австралияны бір шетінен екінші шетіне жүгіріп өтіп, жаңа әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол 35 күн ішінде 3800 шақырымды бағындырған.

Гудж 15 сәуірде Перт қаласындағы Коттеслоу жағажайынан марафонды бастап, 20 мамыр күні Сиднейдегі әйгілі Бонди жағажайына жетеді. Ол күн сайын шамамен 100 шақырым яғни, екі жарым марафон қашықтығын жүгіріп отырған.

Ағылшынның Бедфордшир өңірінен шыққан спортшы бұл бастаманы анасын еске алу үшін қолға алған. Оның анасы Аманда 2018 жылы қатерлі ісіктен көз жұмған. Содан бері Гудж түрлі қайырымдылық марафондарға қатысып, қатерлі ісікке қарсы қорларға Ұлыбританияда, АҚШ-та және Австралияда қаржы жинап келеді.

Осыған дейінгі Австралияны жүгіріп өткен ең жылдам адам Крис Тернбулл болатын – ол бұл қашықтықты 2023 жылы 39 күнде еңсерген. 2022 жылы австралиялық электрик Недд Брокманн сол бағытты 47 күнде жүгіріп өтіп, миллиондаған қаражат жинаған еді.

Алғашқы 9 күн өте ауыр болды. Бірақ тән мен санаңа: "Қанша жерден қиын болса да, мен бұл жолдан таймаймын" деп айту керек, – деді ол.

Фиништен кейін ол Бонди жағалауына гүл шоғын қойып, бұл сәтті марқұм анасының рухына арнады.

Ол менің өмірімдегі ең ерекше адам болды. Егер ол тірі болғанда, менімен мақтанар еді, бірақ қатты уайымдайтын да еді, – деді Гудж Guardian Australia-ға берген сұхбатында.

Ұзақ жүгірістің әсерінен оның аяғы шіри бастаған, тырнақтары түскен, ал ұйқының бұзылуынан кейде елестер пайда болған. Бірақ ол анасының ауыр дертпен күрескен сәттерін есіне алып, сол арқылы өз ауыртпалығын жеңілдетуге тырысқанын айтады.

Осындай сәттерде мен анамды, оның мінезін, маған деген қолдауын есіме аламын. Ол менімен бірге жүргендей сезімдемін, – деді ол.

Өзінің ресми сайтында ол бұған дейінгі рекорд иесі Крис Тернбуллға тәжірибесімен бөліскені үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, Уильям Гудж бұған дейін де ерекше жетістіктерімен танымал болған. Ол АҚШ-ты жағалай жүгіріп өтіп, Лос-Анджелестен Нью-Йоркке дейінгі арақашықтықты 55 күнде еңсеріп, Ұлыбритания бойынша рекорд орнатқан.

Өзгелердің жаңалығы