Ұлтаралық жанжалды қоздыру адамгершілік қағидаттарына сыймайтын дүние – Абаев

1 Тамыз 2020, 15:26
2274
Бөлісу:
Ұлтаралық жанжалды қоздыру адамгершілік қағидаттарына сыймайтын дүние – Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі биылғы басты оқиғалар індетке байланысты ғана емес, ұлтаралық бірлігіміз туралы да сөз қозғауға міндеттейді. Бұл мәселеде көңілге алаңдаушылық келетіні де жасырын емес. Бұл туралы ҚР Президенті әкімшілігінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев жазды.

Мысалы, өткен аптада Шорнақта ауылдас екі жігіттің арасында кикілжің болғанын білесіздер. Кикілжің болғанда да, бұл – ара-тұра тетелес жастардың арасында болып тұратын қарапайым төбелес. Бірақ, келесі күні-ақ әлеуметтік желіде әртүрлі ақпарат өрттеу қаулады. Барша жұрт істің насырға шабуынан қорқып, демін ішіне тартып, үрейленіп қалды, - деді ол. 

Ол атағандай, мұндай оқиғалар әп-сәтте ақпараттық алаңда дүмпу туғызатыны белгілі. Іле-шала желіде әралуан жазбалар мен мақалалар шығып, адамдар белсенді түрде пікір білдіріп, жанжалдың сипаты мен себеп-салдарын қызу талқылап жатты.

Бірақ, осындайда оқиға болған жерден жүздеген шақырым алыста отырып-ақ, желіде аттан салатындар әрдайым табылады. Олардың дәлелдері де әркез қарапайым – ұлттың абыройы мен беделін қорғау. Әрине, құқық қорғау саласының қызметкерлері кейіннен мұндай "ұлт жанашырларын" іздеп тапқан соң, олар істің байыбына бармағанын, толық мән-жайдан хабарсыз болғанын айтып ақталып, халықтан кешірім сұрап жатады. Алайда, сол бір қым-қуыт сәтте олардың Whatsapp арқылы жолдаған аудиохабарламасы қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Бүгінде ұлттық саясат саласында бірқатар объективті мәселемен бетпе-бет келгенімізді әрі ол түйткілдердің өзегінде әлеуметтік-экономикалық жағдайға, құндылық пен көзқарасқа байланысты себептер жатқанын теріске шығара алмаймыз, - деді ол. 

Абаев десе де, түрлі болжам мен долбар жетегінде жүріп, біз қандай да бір кикілжіңнің қазақ пен өзбек немесе орыс пен татардың арасында емес, екі қарапайым – бірі масаң екіншісі ашулы азаматтың бір-бірімен төбелесі болуы мүмкін екенін елемей жататынымызды айтты.

Бір кісінің маскүнемдігі мен екінші кісінің бұзықтығы басқа жүз мыңдаған жандардың бейбіт, мамыражай өміріне кесірін тигізуі әділдік пе? Өзіміз де ауылда өстік. Содан білемін – шаруасы аралас, қойы қоралас ауылдастар арасында ұрыс-керіс болмай тұрмайды. Бүгін сөзге келіспей қалған жандардың, ертең-ақ татуласып, бір дастархан басында шай ішіп отырғанын талай көрдік. Енді өзіңіз елестетіп көріңізші – "Бірінің малы екіншісінің бақшасына түскені себепті екі көрші жанжалдасыпты" деген тақырыпта мақала жарияланды делік. Сіз осыны оқыр ма едіңіз? Жоқ. Себебі ол қызық емес. Ал мазмұны осыған саятын, бірақ атауы "Қазақ пен өзбек жерге таласып, төбелесіпті" деген жаңалықты көрсеңіз, көзіңіздің алды тұманданып, қаныңыз басыңызға шаба жөнелетіні жасырын емес. Әрине, бұл өте қарапайым мысал екені түсінікті, алайда ол сөздің қуаты мен маңызын айқын аңғартады. Сол үшін айтарымызға абай болып, ойланып барып сөйлеген жөн, - деді ол. 

Дәурен Абаевтың айтуынша, "Тау мен тасты жел бұзар. Адамзатты сөз бұзар". 

Кешегі өткен билерден "Сөз қуған пәлеге жолығады. Жол қуған олжаға жолығады" деген тәмсіл қалған. Сөз – қастерлеу керек құдірет. Сондай-ақ, байқап қолдану керек қару. Кілтипанын дәл тауып, байыппен айта білсең, сөз істі түзетер қуатқа ие. Олай болмағанда, хәкім Абай: "Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел" демес еді. Қорытындылай келе, мына бір оқиғаны айтқым келіп отыр. Осыдан екі жыл бұрын Qazaq Epos ұйымы еліміздің бірқатар өңірінде оқушылар арасында "Тұлпар мініп, ту алған" деп аталатын байқау ұйымдастырды. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар "Алпамыс батыр" эпостық жырын жатқа айту қажет еді. Алайда, құр жатқа айту ғана емес, балалардың осындай жәдігер жырды ұғынып, мағынасын ашып, түсіндіре білуі де маңызды болатын. Эпостық жыр – ана тіліміздің барлық шұрайлы тұсы көрініс беретін төл фольклорымыздың жауһары екенін білесіздер. Онда бала түгілі үлкендердің өзіне айтуға оңай тимейтін түйдек-түйдек тіркестер, күрделі ұйқастар, көнерген сөздер көптеп кездеседі. Бірақ, сол байқаудың ақтық сынына шыққан оқушылар арасында орыс, кәріс, украин отбасы балаларының болуы мені таң-тамаша қалдырды. Олар да қазақ бүлдіршіндерден еш қалыспай, "Алпамыс батырды" жатқа айтудан жарысып жатты, - деді ол. 
Абаев еліміздегі бейбітшілік пен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасауымыз керегін айтты.
Ертең осы балаларымыздың алдында әлгіндей ұлтаралық сипаттағы жанжалдарды не деп ақтаймыз? Барлық себеп – үлкендердің бір-біріне жол бере алмай, пышақ ала жүгіруі екендігін қалай түсіндіреміз? Сондықтан, еліміздегі бейбітшілік пен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасауымыз керек. Себебі Қазақстан халқының тарихы ортақ, болашағы да бір. Ал ұлтаралық жанжалды қоздыру ешқандай адамгершілік қағидаттарына да, адамзат құндылығының өлшеміне де, ары-беріден соң, асыл дініміздің ұстанымына да сыймайтын дүние. Кеше басталған қасиетті Құрбан айт мейрамының да негізгі мән-мағынасы ынтымақ пен бірлік, өзара сыйластық пен татулық, имандылық пен парасаттылықта екені анық. Баршаңызды Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! Шаңырақтарыңызға шаттық пен бақ-береке, елімізге амандық пен саулық тілеймін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы