Алматыда Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында өзеннің жағалауы абаттандырылып, көпірлер жөнделеді, ағаштар отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Ұзындығы 5,7 шақырым болатын аумақта – №1 тұндырғыштан бастап Абай даңғылына дейін – қазіргі таңда жұмыстың 40 пайыздан астамы орындалды.
Жаңарту барысында ескі тақталар алынып, орнына гидрооқшаулауы бар жаңа тақталар төселіп жатыр. Сонымен қатар жиектастар ауыстырылып, жүргіншілер жолдары жасалуда. Көпірлерге жөндеу жүргізіліп, тазарту, грунттау және сырлау жұмыстары атқарылуда.
Жобаның келесі кезеңінде автосуару жүйесіне арналған сорғы стансасы орнатылады. Алдағы көктемде жаппай ағаш егу жоспарланған. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда қосымша түсу және көтерілу жолдары қарастырылады.
Мердігерлердің мәліметінше, жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жобаны толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған.