Үлгілімалшы ауылында табиғи апат салдары толық жойылды

25 Мамыр 2019, 11:47
3099
Бөлісу:
Үлгілімалшы ауылында табиғи апат салдары толық жойылды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкпекті ауданына қарасты Үлгілімалшы ауылында орын алған дауыл салдары 2 тәулікте толықтай жойылып, ауыл тұрғындары жарықпен қамтамасыз етілді. Бұл жөнінде Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Марат Теміржанов хабарлады.

Естеріңізде болса, осы жылдың 21 мамыры күні сағат 15.00 шамасында ауа райының күрт бұзылуы себебінен қатты жел соғып, Үлгілімалшы ауылында 4 электр бағаны құлаған болатын. Сының салдарынан елді мекен тұрғындары электр жарығынсыз қалған еді.

«Көкпекті ауданындағы метеостанцияның ресми мәліметі бойынша 21 мамыр күні аудан аумағында желдің жылдамдығы секундына 18 метрге дейін жеткен. Осы күні Үлгілімалшы ауылындағы 12 көшенің 9-ы жарықсыз қалды. Қалған үш көшеде жарық болды. Қатты дауыл салдарынан 4 электр бағаны құлады», - деді Марат Қапарұлы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, сол күні Көкпекті Аумақтық Электр Желісінің 5 адамнан құралған жедел әрекет ету бригадасы жұмысқа кірісіп, кешкі сағат 18.00-ге дейін электр желісінен айырылған 95 абоненттің 60-ын жарық көзіне қосқан. Алайда, ертеңіне ауылда күндізгі 12.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жарық болған жоқ. Себебі бұл уақыт аралығында Аумақтық Электр Желісінің 18  маманы құлаған электр бағандарын орнына қойып, электр желісін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген.

«Екі тәулік ішінде дауылдың салдары толық жойылды. Ауыл тұрғындары жарықпен толық қамтамасыз етілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жұмыс жасаған электр желісі қызметкерлері азаматтық ұстаным танытып, жерлестердің ризашылығына бөленді», - деп қосты аудан әкімінің орынбасары.

Қоса кетсек, метеорологиялық қауіпті құблыстар - қатты дауыл (құйындар мен шквалдар), желдің жылдамдығы секундына 25 метр және одан да артық, таулы аудандарда секундына 30-35 метрге жеткен кезде ғана төтенше жағдайлар жарияланады.  

Өзгелердің жаңалығы