Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында айыпталушы, МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова сөз сөйледі. Ол өзін кінәсіз санайтынын айтып, қайғылы жағдайдан кейін өмірінің түбегейлі өзгергенін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қысқа уақыттың ішінде өмірім астаң-кестең болды. Құдай ешкімге мұндай жағдайды бастан өткеруді жазбасын, – деді Сәуле Жұбаниязова сотта.
Ол алдымен қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қайғылы жағдайдан зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуін тіледі.
Жұбаниязова МИБ төрағасына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс немесе өзге де салалар бойынша арнайы білімнің болуы заңда міндеттелмегенін айтты.
Оның сөзінше, заң бойынша МИБ төрағасы осы үйде тұратын меншік иелерінің арасынан сайланады. Төраға атқарушы орган болса, үй кеңесі – алқалы басқару органы, ал жоғары орган – меншік иелерінің жалпы жиналысы.
Айыпталушы ғимарат құлаған кезде МИБ төрағасы қызметінде болғанына небәрі алты ай болғанын айтты. Оның сөзінше, бұрынғы басқарушы оған үйді тексеру актісін және қажетті құжаттар тізімін тапсырмаған.
Оқиға болған кезде менің МИБ төрағасы ретінде өкілеттік атқарғаныма алты ай ғана болған. Сондықтан жыл сайынғы тексеру жүргізудің белгіленген мерзімі де әлі аяқталған жоқ. Осыған байланысты мен тарапымнан белгіленген мерзімді бұзу болған жоқ, – деді ол.
Жұбаниязова үйді өзі тексергенін, алайда тексеру нәтижесі актімен рәсімделмегенін атап өтті. Оның пікірінше, тексеру актісі болған жағдайда да бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға әсер етпес еді.
Сондай-ақ ол айыптау тарапының 2017 жылғы сараптамаға қатысты уәжіне тоқталды.
Айыпталушының айтуынша, сол сараптамада көрсетілген жарық бірінші кіреберіс жағында болған, ал ғимараттағы кірпіштердің құлауы екінші кіреберіс жағында орын алған.
2017 жылғы сараптамадағы жарық бірінші кіреберіс жағында болған. Бұл сараптама материалдарындағы фотосуреттермен расталады. Ал бізде құлау екінші кіреберіс жағында болды. Сот отырысында Ахметова 2017 жылғы сараптамада көрсетілген барлық бұзушылықты жойғанын айтты, – деді Сәуле Жұбаниязова.
Ол өзі үйді тексерген кезде кірпіштер құлаған қабырғада жарық болмағанын айтты. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан да пәтер немесе қасбет жағындағы жарықтарға қатысты оған шағым түспегенін жеткізді.
Жұбаниязованың айтуынша, тергеуші сотта айтқан кейбір жарықтар ғимарат құлағаннан кейін пайда болған.
Құлау кезінде үй қатты зардап шекті. Мұны тіпті жер сілкінісі сияқты деуге болады. Тергеушінің сотта айтып отырған жарықтарының барлығы құлаудан кейін пайда болды, – деді ол.
Айыпталушы қазіргі уақытта да осы үйдің МИБ төрағасы болып отырғанын айтты. Оның сөзінше, тұрғындар оған сенім білдіріп отыр және үйдің мәселелерін бірге шешіп келеді.
Мен осы үйде әлі де МИБ төрағасымын. Бұл тұрғындардың маған сенетінін көрсетеді. Қазір де тұрғындармен бірге үйдің барлық мәселесін шешіп жатырмыз, – деді ол.
Сәуле Жұбаниязова бұл үйде өзі және жақындары тұратынын айтып, ғимараттың қауіпсіз болуы оған да тікелей маңызды болғанын жеткізді.
Мен тек МИБ төрағасы ретінде емес, қарапайым тұрғын ретінде де үйде ақау болмауына мүдделімін. Өйткені мен осы үйде тұрамын, жақындарым да осында. Бұл трагедияда менің балаларым, анам, өзім де зардап шегуім мүмкін еді. Осындай жағдайды біле тұра мен шара қолданбас едім бе? – деді ол.
Сөз соңында Сәуле Жұбаниязова өзін кінәсіз санайтынын мәлімдеді.
Мен өзімді кінәсіз деп санаймын. Сіздер әділ әрі дұрыс шешім қабылдайтыныңызға сенемін. Сот менің және осы сот процесін менімен бірге бастан өткеріп отырған көптеген тұрғындардың сенімін жоғалтпауға тиіс, – деді айыпталушы.
Келесі сот отырысы 1 қазан күні сағат 15.00-де өтеді. Осы күні айыпталушы сотта соңғы сөзін айтады.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды.
Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.