Ұлдана Мырзуан ісі: Адвокат Сәуле Жұбаниязованы ақтауды сұрады

Ұлдана Мырзуан ісінде МИБ төрағасының адвокаты ақтау үкімін сұрады.

24 Қыркүйек 2026, 16:04
АВТОР
 Жоғарғы сот 24 Қыркүйек 2026, 16:04
24 Қыркүйек 2026, 16:04
232
Фото: Жоғарғы сот

Астанада марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сот жарыссөзінде МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Дәурен Еслямбеков соттан оның ақталуын сұрады. Адвокаттың айтуынша, айыптау тарапы Жұбаниязованың әрекеті немесе әрекетсіздігі мен қайғылы жағдай арасында тікелей себеп-салдарлық байланысты дәлелдей алмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қорғаушы сот жарыссөзіндегі сөзін Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 398-бабы негізінде бастады.

Оның айтуынша, сот тергеуі аяқталғаннан кейін іс бойынша ең басты мәселе – Сәуле Жұбаниязованың нақты қандай әрекеті немесе әрекетсіздігі Қылмыстық кодекстің 254-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрайтыны және оның болған қайғылы жағдаймен тікелей себеп-салдарлық байланысы бар-жоғын анықтау.

Қорғау тарапының ұстанымы – бұл дәлелденген жоқ. Біздің бүгінгі сөзіміз қайғыға байланысты құқықты ысырып қою немесе эмоцияны дәлелдерге қарсы қою әрекеті емес. Біз істі кез келген сот төрелігі басталатын негіздерге – фактілерге, заңға және кінәсіздік презумпциясына қайтаруға тырысамыз, – деді Дәурен Еслямбеков.

Адвокат қайғылы жағдайды жоққа шығармайтынын атап өтті. Оның сөзінше, болған оқиға қайтымсыз, қаза тапқан адамның отбасына келген қайғыны сот шешімімен жою мүмкін емес.

Алайда қорғаушының пікірінше, дәл осы себепті қайғылы жағдайдан кейін қоғамға жауапты адамды міндетті түрде табу қажеттілігі басқа адамды кінәсі дәлелденбестен соттауға әкелмеуі керек.

«МИБ төрағасына құрылыс инженері міндетін жүктеуге болмайды»

Адвокат Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша жауапкершілікті қолдану үшін тек адамның МИБ төрағасы болғанын және қайғылы жағдай орын алғанын анықтау жеткіліксіз екенін айтты.

Оның айтуынша, айыптау тарапы Жұбаниязоваға нақты қандай міндеттер жүктелгенін, олардың қайсысын орындамағанын немесе тиісінше орындамағанын, бұл міндеттерді орындауға оның нақты және заңды мүмкіндігі болғанын, сондай-ақ оның қажетті өкілеттігі, арнайы білімі мен материалдық мүмкіндігі бар-жоғын дәлелдеуі керек.

Бұдан бөлек, адвокат Жұбаниязованың дәл осындай салдардың туындауын алдын ала болжай алғаны және оның әрекетсіздігі ғимарат конструкциясының құлауы мен адам өліміне тікелей себеп болғаны дәлелденуге тиіс екенін айтты.

Егер осы міндетті тізбектің бір буынының өзі болмаған немесе дәлелденбеген болса, Қылмыстық кодекстің 254-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындамауы керек, – деді ол.

Қорғаушы Жұбаниязованың құрылыс инженері немесе жобалаушы болмағанына назар аударды.

Оның айтуынша, Жұбаниязова үйді жобалаған жоқ, сыртқы қабырғалардың конструкциясын таңдаған жоқ, кірпіш қалау жұмыстарын жүргізген жоқ, құрылыс ерітіндісінің маркасын анықтаған жоқ, темірбетон конструкцияларының болмауы туралы шешім қабылдаған жоқ және 2005 жылы ғимараттың құрылысын жүргізген жоқ.

Сондай-ақ адвокат оның инженер-құрылысшы ретінде арнайы білімі болмағанын атап өтті.

Ол арнайы зерттеу жүргізбей, кірпіш қалауындағы жасырын ақауларды көзбен анықтай алмайды, көпқабатты қабырғаның көтергіш қабілетін есептей алмайды немесе құрылыс конструкциясының нақты қандай қабат санына есептелгенін өз бетінше анықтай алмайды, – деді қорғаушы.

Оның пікірінше, МИБ төрағасына жобалау ұйымының, техникалық қадағалау маманының, авторлық қадағалаудың, құрылыс компаниясының, сарапшының және мемлекеттік құрылыс бақылау органының міндеттерін қатар жүктеуге болмайды.

Қорғаушы ғимараттағы ақаулар құрылыс кезінде пайда болғанын айтты

Адвокат сотта қорғау тарапы ұсынған маман Лабаеваның түсініктемелері мен 2026 жылғы 28 тамыздағы №31-26 қорытындысына тоқталды.

Оның айтуынша, маман ғимаратта құрылыс кезінде жіберілген елеулі конструкциялық бұзушылықтарды анықтаған.

Қорғаушының сөзінше, құрылыс кезінде қолданылған 2.130-8 типтік сериясы биіктігі бес қабатқа дейінгі ғимаратқа есептелген. Ал іс жүзінде осы конструкциялық шешім бойынша тоғыз тұрғын қабаты және техникалық қабаты бар ғимарат салынған.

Адвокаттың айтуынша, зерттеу барысында қабатаралық жабын деңгейлерінде жобада көзделген монолитті темірбетон арматураланған белдеулердің болмауы, жоғарғы қабаттардағы кірпіш қалау ерітіндісінің төмен беріктігі, кірпіш қалаудың байланыстырылуы мен анкерлеуіндегі бұзушылықтар анықталған.

Сонымен бірге жобада көзделген материалдардың ауыстырылғаны және қабырғалардың қажетті кеңістіктік қаттылығын қамтамасыз ететін конструкциялық шаралардың болмағаны айтылған.

Бұл мәселе МИБ төрағасының қызметі кезінде пайда болған жоқ. Ол ғимаратты жобалау және салу кезеңінде қалыптасқан, – деді Дәурен Еслямбеков.

Қорғаушының айтуынша, ғимарат құрылысы кезінде оның нақты тоғыз қабатты биіктігін ескере отырып, кірпіш қалаудың көтергіш қабілеті мен орнықтылығына қосымша есеп жүргізілмеген.

«Құрылыс ақауы туралы бастапқы нұсқа болған»

Адвокат қылмыстық іс бастапқы кезеңде сапасыз құрылыс белгілері бойынша, оның ішінде Қылмыстық кодекстің 278-бабы бойынша да тергелгенін айтты.

Оның сөзінше, қылмыстық іс материалдарында құрылыс салушының қызметі мен ғимараттың салыну жағдайлары зерттелген.

Қорғаушының пікірінше, егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бастапқыда ғимаратты салу кезінде қалыптасқан құрылыс ақаулары туралы нұсқа қаралған болса, кейін қандай жаңа объективті дәлелдер қайғылы жағдайдың заң тұрғысынан маңызды себебі МИБ төрағасының әрекеті болды деген қорытындыға әкелгенін айыптау тарапы түсіндіруі керек.

Бір адамды жауапқа тарту мүмкін еместігі өздігінен басқа адамның кінәсін дәлелдей алмайды. Қылмыстық жауапкершілік жеке сипатқа ие. Ол бір субъектіден екіншісіне берілмейді, – деді адвокат.

Қорғаушы сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысты сұрақтар қойды

Дәурен Еслямбеков сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жан-жақты, толық және объективті жүргізілуіне қатысты да сұрақтар бар екенін айтты.

Оның сөзінше, тергеу айыптаудың бір ғана нұсқасына сүйеніп, кейін сол нұсқаны растайтын дәлелдерді жинауға негізделмеуі керек.

Алдымен жауапты адамды анықтап алып, кейін барлық жағдайды тек осы нұсқа тұрғысынан түсіндіруге болмайды. Мұндай тәсіл объективті тергеу талаптарына сәйкес келмейді, – деді қорғаушы.

Ол соттың айыптау тарапының кемшіліктерін толықтыруға міндетті емес екенін атап өтті.

Жұбаниязованың қорғану құқығы туралы

Қорғаушы сотта Сәуле Жұбаниязованың сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезіндегі процессуалдық мәртебесіне де тоқталды.

Оның айтуынша, Жұбаниязова 2025 жылдың қарашасынан бастап ұзақ уақыт бойы куәгер ретінде жауап берген. Ал тергеу аяқталған кезде ол күдікті ретінде танылып, іс сотқа жолданған.

Адвокаттың пікірінше, бұл оның қорғану құқығының қамтамасыз етілуіне қатысты мәселе туындатады.

Процессуалдық мәртебе адамның құқықтарының көлемін анықтайды. Қорғану құқығы тергеуші адамды ресми түрде күдікті деп таныған сәттен бастап емес, қылмыстық қудалау нақты бір адамға бағытталған кезде іс жүзінде қамтамасыз етілуі керек, – деді ол.

Осыған байланысты қорғаушы соттан Жұбаниязованың жауаптары мен өзге де фактілік деректердің жол берілетіндігін Қылмыстық-процестік кодекстің 112-бабы талаптары тұрғысынан бағалауды сұрады.

«Дәлелдемелердің саны кінәні дәлелдемейді»

Адвокат соттан әрбір дәлелдемені оның іске қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы тұрғысынан бағалауды сұрады.

Оның айтуынша, қылмыстық іс томдарының көп болуы өздігінен дәлелдемелердің жеткілікті екенін білдірмейді.

Қылмыстық іс томдарының саны ешқашан дәлелдемелердің сапасын алмастырмайды. Жанама болжамдардың көп болуы бір анық дәлелдемеге айналмайды. Сот үкімі болжамдарға негізделмеуі керек, – деді Дәурен Еслямбеков.

Ол сот үкімі шығарылған кезде Жұбаниязоваға қатысты нақты қандай әрекет болғаны, оның қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны және оның кінәсі дәлелденгені жөніндегі мәселелерге нақты жауап берілуі керек екенін айтты.

«Қызмет үшін емес, дәлелденген әрекет үшін жауап береді»

Сот жарыссөзінде адвокат МИБ төрағаларының жауапкершілік шегіне де тоқталды.

Оның айтуынша, Қазақстанда шамамен 15 мың МИБ төрағасы бар және олардың ешқайсысы қызметке келгенге дейін қалыптасқан ғимараттағы барлық ақау үшін автоматты түрде жауапты болмауы керек.

МИБ төрағасы қызметімен бірге көппәтерлі үйде бұрын болған және қазір болып жатқан барлық жағдай үшін абсолютті жауапкершілік алмайды. Егер керісінше деп танылса, жиырма немесе отыз жыл бұрын жобалаушының жіберген кез келген қателігі, құрылыс салушының кез келген бұзушылығы бірнеше жылдан кейін үй иелері бірлестігін басқаруға келген адамның қылмыстық жауапкершілігіне айналуы мүмкін, – деді ол.

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық заң қызметке байланысты жауапкершілікті емес, нақты адамның нақты кінәлі әрекеті үшін жауапкершілікті қарастырады.

Адвокат ақтау үкімін сұрады

Қорғаушы сот тергеуі аяқталғаннан кейін де айыптау тарапы жауап бере алмаған бірқатар сұрақ қалғанын айтты.

Олардың қатарында Жұбаниязованың жасырын конструкциялық ақауларды анықтауға нақты міндеті болған-болмағаны, мұндай ақауларды қашан және қандай тәсілмен анықтай алатыны, оларды жою үшін қандай нақты әрекет жасауы керектігі және мұндай әрекетті жасауға өкілеттігі болған-болмағаны бар.

Сондай-ақ адвокат Жұбаниязованың мұндай ақауларды жоюға қажетті қаржылық мүмкіндігі болғанын және оның ықтимал әрекеті ғимараттың құлауына жол бермеуі мүмкін екенін дәлелдеу қажет деп санайды.

Ең бастысы – тікелей себеп-салдарлық байланыстың дәлелі қайда? Субъективті тараптың дәлелі қайда? Қайғылы жағдайдың құрылыс себептерін жоққа шығаруға мүмкіндік беретін үздіксіз дәлелдер тізбегі қайда? – деді қорғаушы.

Оның пікірінше, бұл сұрақтар бойынша жойылмайтын күмәндер қалған.

Адвокат мұндай күмәндер сотталушының пайдасына шешілуі керек екенін айтты.

Адамды кінәлі деп тануға оны болған жағдайды түсіндіру ыңғайлы болғаны үшін, қайғылы жағдайға дейін ұйымды басқарған соңғы басшы болғаны үшін немесе басқа ықтимал кінәліні жауапқа тарту мүмкін болмағаны үшін болмайды. Оның өз кінәсі жол берілетін, анық және жеткілікті дәлелдермен ғана дәлелденуі керек, – деді Дәурен Еслямбеков.

Сот жарыссөзінің соңында қорғаушы соттан сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жіберілген елеулі процессуалдық заң бұзушылықтарға құқықтық баға беруді сұрады.

Сондай-ақ ол қорғану құқығы бұзылған немесе дәлелдемелерді жинау тәртібіне елеулі нұқсан келген жағдайда алынған фактілік деректерді жол берілмейтін дәлелдемелер деп тануды өтінді.

Бұдан бөлек, адвокат Сәуле Жұбаниязоваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша тағылған айып бойынша ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Егер іс қарау барысында заң талаптарының елеулі бұзылғаны анықталса, Қылмыстық-процестік кодекстің 405-бабы тәртібімен жеке қаулы шығаруды да өтінді.

Қорғау тарапы Сәуле Жұбаниязова өз кінәлі әрекеттерімен болған салдарға себеп болғанын ешқандай болжамсыз анықтауға мүмкіндік беретін дәлелдерді көрген жоқ. Керісінше, сот зерттеген материалдарда ғимараттың ұзақ уақыт бойы қалыптасқан конструкциялық және құрылыс ақаулары туралы елеулі мәліметтер бар. Айыптау тарапы менің қорғауымдағы адамның бұл ақауларды өз бетінше анықтай алғанын дәлелдеген жоқ. Оларды жоюға нақты мүмкіндігі болғаны да дәлелденбеді. Оның әрекеті мен ғимараттың құлауы арасында қажетті себеп-салдарлық байланыс та дәлелденген жоқ, – деді адвокат.

Сөз соңында Дәурен Еслямбеков соттан Сәуле Жұбаниязоваға қатысты ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында оқиға орнына жедел жәрдем құрамында барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болды.

Ол алған ауыр жарақатынан 18 қарашада ауруханада көз жұмды.

Наверх