«Жеңіске 100 күн» патриоттық акциясы аясында 3656 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тыл ардагері Евгений Журавскийге барып, құрмет көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Аманжол Байғуанышев пен Әйелдер кеңесінің төрайымы лейтенант Ақмарал Алдабергенова ардагердің өмір жолы мен еңбек ерлігі туралы әңгімелерін тыңдап, алғыстарын білдірді.
Ардагерлердің ерлігі мен еңбегін құрметтеу – біздің қасиетті борышымыз. Олардың жанқиярлығы, еңбекқорлығы мен қайсарлығы бізге бейбіт өмір сыйлады. Осындай кездесулер – Жеңіске үлес қосқан жандарға ризашылығымызды білдірудің маңызды мүмкіндігі, - деп атап өтті подполковник Аманжол Байғуанышев.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы ардагерлерге ерекше қолдау көрсетіп, тарихи жадыны сақтау мақсатында естелік кездесулер, қайырымдылық акциялар және түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді.