Ұландық спортшылар қатарына қалай қосылуға болады?

18 Наурыз 2021, 10:34
2656
Бөлісу:
Ұландық спортшылар қатарына қалай қосылуға болады?
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшсі. Спорт денсаулық кепілі және саламатты өмір салтының бір бөлігі. Ұлттық ұлан үшін қолданбалы әскери спорт түрлері жауынгерлік дайындықтың негізі. Аптасына екі рет дене шынықтыру сабақтары өткізіліп тұрады. Одан бөлек, Ұлттық ұлан еліміздегі спортшыларды өз қатарына жинап, бұқаралық спорттың дамуына септегін тигізуде.
 

Тәуелсіздік жылдары ұландық спортшылары ел қоржынына Олимпиада ойындарында - 32 медаль (8 алтын, 13 күміс, 11 қола), Әлем чемпионаттарында – 60 медаль (27 алтын, 16 күміс, 17 қола), Азия құрлығындағы чемпионаттарда – 250-ден аса награда алып келді.

Мұндай ақпаратты Ұлттық ұлан спорт командасын даярлау орталығының бастығы полковник Сәтжан Әбішев сұхбат кезінде айтып берді.

Ол әлем бойынша өрбіген қауіпті індет бұқаралық спорттың дамуына өз әсерін тигізгенін айтты.

Елімізде коронавирустың таралуына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгені және жалпы санитарлық талаптарға сай мемлекетімізде спорт атаулының барлығы тоқтаған болатын. Соған орай, Ұлттық ұлан спорттық-штаттық командасының спортшылары да жарыстарға қатыспады. Тек санитарлық жағдай жақсарған кезде ғана біріншіліктердің өтуіне рұқсат берілді, - дейді полковник.

- Ұландық спортшылар соңғы кездері қандай турнирлерге қатысып үлгерді?

- Баршаларыңызға белгілі бокс елімізде бірінші нөмірлі спорт. Біз құқықтық тәртіп әскерінде де осы спорт түріне үлкен мән береміз. Өткен жылы Шымкент қаласында бокстан Қазақстан Республикасының біріншілігі өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 190 спортшысы қатысты. Аталған турнирде Ұлттық ұланның спорттық-штаттық командасының мүшелері атой салды. Атап айтқанда, әйелдер арасында ефрейтор Назым Қызайбай 51 келі салмақ дәрежесі бойынша жеңіске жетіп, 1 орын алса, 75 келі салмақ дәрежесінде қатардағы Надежда Рябец те қалыс қалмай 1 орынды иеленді. Бұған қоса, Надежда олимпиадалық лицензияға қол жеткізді.

Ерлер арасында 69 келі салмақта ефрейтор Абылайхан Жүсіпов өзіне қарсылас шыдатпады. Сол арқылы бірінші орынмен жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ, қатардағы Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), қатардағы Серік Теміржанов (57 кг) өз салмақ дәрежесінде 1 орынға ие болды. Екеуі де олимпиадалық лицензияға ие болған. Ал, ефрейтор Ілияс Сүлейменов ( 60 кг) үшінші орынды місе тұтты. Жылдық жоспарға сәйкес бокстан Қазақстан біріншілігіне барып, спортшыларымызға қолдау көрсеттік. Олардың психологиялық жағдайын, дене даярлығын байқадық. Бұдан бөлек, біз күрес бойынша командаға да көңіл бөлудеміз. Жуырда еліміздің дзюдодан мақтанышы, ұландық спортшы Елдос Сметов Ташкентте өткен турнирде күміс медальді жеңіп алды. Сондай-ақ, грек-рим күресінен 67 келі салмақта Алмат Кебісбаев пен 77 келі салмақ дәрежесінде Темірлан Шадукаев Римде өткен біріншілікте қола жүлдегер атанды. Юлия Галышева могул спорты бойынша Әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Бұл ұландық спорттың емес, жалпы еліміздің спорты үшін де үлкен жетістік.

улан7.jpeg

- Сіз атын атаған спортшылар Ұлттық ұлан әскерінің емес, барлық еліміздің мақтанышы. Олар ұландықтардың қатарына қалай қосылады? Атақты спортшыларымыздың тағы да қайсысы ұландық спорт командасының құрамында бар?

- Біздің спорттық-штаттық командамыз еліміз тәуелсіздік алғалы бері қызмет атқарып жатыр. Нақты айтқанда 1993 жылы қараша айында ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен құрылды. Біз Ішкі істер органдарының құрамдас бөлігі болғандықтан еліміздегі «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігімен тығыз байланыс орнатқанбыз. Олардың құрамына жас спортшылар қабылданады. Әскерге шақырылу науқаны басталғанда қоғамдастық бізге спортшылардың тізімін ұсынады. Біз олардан Әскери ант қабылдап, мерзімді әскери қызметшілердің қатарына қосамыз. Осылайша, олар біздің спорттық команда құрамына енеді. Әрі қарай спорттық және әскери мансаптарын Ұлттық ұлан қатарында жалғастырады. Жоғарыда аты аталған спортшылармен қатар, жүзуші Дмитрий Баландин, қысқы спорт түрінен сержант Роман Креч, кіші сержант Дмитрий Рейхерд, лейтенант Юлия Галышева, ефрейтор Екатерина Айдова, аға лейтенант Галина Вишневская секілді көптеген әйгілі спортшылар бар. Одан бөлек, біздің спорт командамыздың құрамында әйгілі спортшыларымыз Генадий Головкин, Серік Елеуов, Бақыт Сәрсекбаев және марқұм мұзда сырғанаушы Денис Тен болған. Барлығы Ұлттық ұлан қатарында отан алдында ант қабылдаған. Спортшылардың көбі жастайынан «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігіне келіп, біздің қатарымызға қосылады.

улан8.jpeg 

- Сіздерге әлі танылып үгермеген спортшылар келіп қатарларыңызға қосылады. Болашақта олар ел мақтанышына айналып үлгереді. Біз әлі естімеген, бірақ болашағынан үміт күттірер қандай спортшылар ұландықтардың қатарында жүр?

- Жалпы барлық спортшылардан үміт күтеміз. Алайда, халық олимпиадалық спорт түрлерін жақсы біледі. Осы спортшылар ел аузында жиі аталады. Биыл біздің қатарымызға бокс спорт түрінен ағайынды Айбек, Нұрбек Оралбаевтар, Санатәлі, Саматәлі Төлтаевтар, еркін күрестен Ерғали Әлішеров, грек-рим күресінен Адай Құрмансейітов, жеңіл атлетикадан Руслан Никитин, ауыр атлетикодан Нұрғиса Әділетескек есуден Иван Лукьянов секілді жастар келіп қосылды. Олар қазір спорттық және әскери мансаптарының бастауында тұр. Спорттағы үлкен ағалары секілді олар да еліміздің спорттың алға жылжытады деген үміттемін. Қазір олар жас, соған қарамастан еңбексүйгіш. Жұлдыздары оңынан жанса, олар да сол топ жұздыз, спорт жұлдыздарының қатарын толықтырады. Ұлттық ұланның спорттық-штаттық командасы оларды үлкен өмірге жетелейтін, ерлік пен елжандылық мектебі іспетті.

- Осы уақытқа дейін спортшыларымыз қандай жетістіктерге қол жеткізді?

- Ұлттық ұланда жыл сайын үздік спортшыларымыздың бағы мен бабын сынар сәтіне айналған жекпе-жектен халықаралық турнир, сондай-ақ әскери-қолданбалы және бұқаралық спорт түрлерінен Спартакиада өткізу дәстүрге айналып отыр. Біздің сайыпқыран спорт шеберлеріміз байрақты бәсекелерде топ жарып, ел намысын абыройлы қорғап жүр. Мысалы, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің спортшылары зор табыспен оралды. Сол әлемдік сайысқа Ұлттық ұлан спорт командасының құрамынан спорттың 8 түрінен 25 спортшы қатысты. Саңлақтарымыз ел абыройын асқақтатып, додада ел қанжығасына 6 медальды (1 алтын, 3 күміс, 2 қола) еншіледі. Бұл өз кезегінде сол әлемдік байрақты бәсекеде еліміздің барлық спортшылары еншілеген табыстарының 35%-ына пара-пар.

Ал жалпы Тәуелсіздік жылдары біздің ұландық спортшыларымызбен ел қанжығасына: Олимпиада ойындарында - 32 медаль (8 алтын, 13 күміс, 11 қола); Әлем чемпионаттарында – 60 медаль (27 алтын, 16 күміс, 17 қола); Азия құрлығындағы чемпионаттарда – 250-ден аса награда түскен екен. Болашақта команда мүшелері алдағы халықаралық жарыстарда да жеңіске жететініне сенімдімін.

-  Сұхбатыңызға көп рахмет!


Өзгелердің жаңалығы