Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданында қызмет атқару кезінде әскери жасақтар кезекшісі капитан Жанат Оспановқа Жедел басқару орталығынан Қарағанды көшесінде орналасқан «Айша Сервис» ЖШС жанып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті, деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
Өрт туралы ақпаратты қабылдаған капитан Оспанов патрульші ефрейтор Жайық Рысқазы мен қатардағы жауынгер Бекдәулет Елеусін, сондай-ақ жүргізуші – кіші сержант Бекзат Қабыловпен бірге оқиға орнына жылдам жетіп, өрт шыққан аймақты қоршап, өрт сөндіру тобы келгенге дейін тілсіз жауды өз күштерімен ауыздықтауға кіріскен.
Арада бір сағаттай уақыт өткенде, сағат 18.40 шамасында Бұқтырма көшесінде үш қабатты жатақхана жанып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Өрт сөндірушілер, полицейлер және жедел медициналық жәрдем каретасы болған оқиға орнына келгеннен кейін капитан Оспанов тонаушылыққа жол бермеу мақсатында өрт шыққан аймаққа қоршау ұйымдастырып, жанып жатқан ғимараттан адамдарды құтқаруға көмек көрсетті.
Жатақхана бөлмелерін аралау кезінде шамамен 5 және 9 жастағы екі кішкентай қыз табылып, қауіпсіз жерге эвакуацияланды.