Астана, BAQ.KZ. Украинаның орталық сайлау комиссиясы 31 наурызға белгіленген президент сайлауына қатысатын үміткерлер тізімін бекітті. Онда 39 адамның аты-жөні көрсетілген.
Орталық сайлау комиссиясының жиынында сонымен бірге қайта дауыс беру қажет болған жағдайда оны өткізу формасы мен бюллетень мәтіні де мақұлданған.
Егер үміткерлердің ешқайсысы сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысына ие бола алмаса, онда сайлаудың екінші кезеңі өтеді. Оған алғашқы кезеңде көбірек дауыс жинаған екі кандидат қатысады. Саясаттанушылар сайлаудың екінші кезеңі өтуі мүмкін деп санайды.
Украинада сайлау кампаниясы 2018 жылы 31 желтоқсанда басталған.
Әлеуметтік зерттеу халықтың кандидаттар арасында актер Владимир Зеленскийді көбірек қолдайтынын (20,3%) көрсеткен. Одан кейін "Батькивщина" партиясының жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко (13,9%), қазіргі президент Петр Порошенко (13,1%) тұр.
Наурыз айының басында Украинадағы сайлауалды жағдайды бақылауға келген Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) өкілдері "елдегі жалпы жағдай демократиялық сайлау өткізу шарттарына сәйкес келеді" деп қорытынды жасаған.
Бірақ делегация өкілдері кейбір кандидаттардың "дауыс сатып алу жүйесін құрғаны", "әкімшілік ресурстарды қолданғаны" туралы хабарламаларға алаңдаған. Парламенттік ассамблея өкілдері сонымен бірге сайлауға тым көп кандидат қатысып жатқанын сынап, "бұл дауыс беру процесін күрделендіріп жіберуі мүмкін" деп мәлімдеген.