«Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс одан әрі жалғасады және жақын арада шешімін таппайтынын көріп отырмыз»

Бүгiн, 09:30
194
Бөлісу:

Қазіргі таңда қақтығыс шиеленістің фазасына өтіп жатыр. Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс одан әрі жалғасады және жақын арада шешімін таппайтынын көріп отырмыз. Әрине, Еуропа елдері қазір бірігіп жатыр. 

Жаңа одаққа, тіпті, Ұлыбритания, Австралия, Канада мен Түркия мемлекеттері де қосылып, жаңа бір блоктың пайда болғанын көріп отырмыз. Бұл блок болғанда қазірдің өзінде Батыс коалициясы жеке осындай жаңа ұжымдасуға көшіп жатыр. 

Бұл бір жағынан бәрі күткен жағдай деп айтуға болады, өйткені қазіргі кезде Еуропа Одағы елдерінің арасында да қауіпсіздік мәселелері бойынша бірігу сұранысы бар. Олар қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаңа форматты қарастырып жатқаны анық. Осы тұрғыдан алған кезде Украинадағы жағдай бұл үдерісті күшейтті деп айтуға болады.

Украина мен АҚШ арасындағы сирек кездесетін қазба байлықтарға қатысты келісімге қол қойылмай қалды. Украина президенті Владимир Зеленскийдің позициясы әу бастан нық.

Осы жерде айта кететін біз бір нәрсе, біріншіден, АҚШ беріп келген қаржылай көмектің орнын Еуропа одағының елдері, сондай-ақ Австралия мен басқалары қосылса да толықтай орнын толтыра алмайды.

Екіншіден, тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Маршалл жоспары аясында екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ Еуропаны, Германияны, Жапония мен Оңтүстік Кореяны қайта қалпына келтіру үшін қаншама ақша құйды. Нәтижесінде осы қаражаттың арқасында Еуропа аяққа тік тұрып кетті.

Сондықтан Украинадағы жағдайды оң аяқталғанын күтеміз. Бірақ 3 жылда қирап қалған инфрақұрылым мен экономикаға тигізілген зардапты қайта қалпына келтіру керек. Ал ол бір күндік жұмыс емес. Ол бір ғана қару-жараққа бөлінген ақша сияқты қаражаттың көмегімен ғана жасала қоймайды. Сондықтан осы тұрғыдан қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін АҚШ үкіметіне қайта жүгінуге тура келеді.

Осы орайда Зеленский мен Трамптың кездесуі сәтсіз аяқталды, осымен екі мемлекет арасында қарым-қатынас тоқтайды деген сөз емес. Ал енді Дональд Трамптан бәрін күтуге болады. Бүгін ол "Зеленскийді дос" дейді, ертең оны "тиран" дейді. Бүгін ол "Украинаға көмек береміз" дейді, екінші күні ол Украинадан бас тартады. Оның бәрін көріп отырмыз. Трамптың импульсивтік көңіл-күйінің бірқатар мемлекеттің, әлемдік қақтығыстағы күн тәртібін өзгертіп жіберуге әсері бар екенін көріп отырмыз.

Сондықтан осы тұрғыдан алған кезде Украина факторы Трамп үшін екі ірі мемлекет арасындағы сауда элементі ғана деп те қарастыруға болады. Мысалы Трамп Ресей президенті Путинмен бір келісімге келуі мүмкін. Бірақ ол келісімді жүзеге асыру үшін ол Украина тарапын көндіру керек. Дегенмен ол Украина тарапын көндіре алмады. 

Осы тұрғыдан алған кезде, әрине, Трамптың діттегені болмады деп жатыр. Ал екінші жағынан, бұл жағдай тереңірек қарайтын болсақ, осылайша алдағы уақытта Трамп өзіне Ресейді Уақытша болса да одақтас қылып, Қытайға қарама-қарсы қойғысы келетін шығар. Оны да жоққа шығармауымыз керек. Өйткені қазір Орталық Азиядағы, жалпы Евразиядағы кез келген қақтығыстың астарында ірі ойыншылардың өз мүддесін жүргізіп отырғанын көріп отырмыз.

Біз жағдайға тек қана бір жақты, яғни Украина, Еуропа немесе Ресей тарапынан қарамауымыз керек. Бұл жерде үлкен ойын жүріп отыр. Ал үлкен ойынның ережелері әртүрлі болады, бірақ мүдде бір болады. Мүддесі сол ірі державалардың өзінің күн тәртібін жүргізуге барынша күш салу. Мәселен АҚШ қазір бірінші кезекте өзінің сыртқы саясатындағы доктринасында айтқандай, басты қарсылас ретінде Қытайды қарастырып отыр. Бұл құпия емес. Сондықтан оны да біз естен шығармауымыз керек деп ойлаймын.

Өзгелердің жаңалығы