Украина Еуропалық одаққа мүше болуға дайын – Зеленский

24 Маусым 2022, 20:05
1378
Бөлісу:
Украина Еуропалық одаққа мүше болуға дайын – Зеленский

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Украина мен Молдова мемлекеті үшін маңызды тарихи оқиға. Еуропалық одақ қос елге де ұйымға кіруге үміткер мәртебесін берді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бірақ қауымдастыққа қосылу процессі ұзаққа созылуы мүмкін. 

Украина мен Молдоваға үміткер ел мәртебесін беру мәселесі кеше Брюссельде өткен саммитте шешілді. Қарарды 529 депутат қолдап, 45-і қарсы шықты. Киев өтінішті қарулы қақтығыс басталған соң бірнеше күннен кейін, ал Молдова Грузиямен бірге наурыздың басында берген еді. Украинадағы ахуалдан кейін бұл процесс жылдам жүрді. Киев енді бірқатар реформаны жүзеге асыруы тиіс. 

Бүгін Еуропа үшін маңызды күн. Бұл мемлекеттер ұйымға мүше болу кезеңіне аяқ баспас бұрын бірқатар міндеттерді орындауы тиіс. Аталған елдер жылдам қимылдап, қажетті реформаларды тезірек жүзеге асырады деп сенемін. Бұл өзгерістер осы елдердегі демократияны нығайтып, халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, – деді Еурокомиссия президенті Урсула Фон Дер Ляйен.

Президент Владимир Зеленский саммитке қатысушылардың  шешімін үлкен жеңіс әрі Еуропаны нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп бағалады. 

Біз Еурокомиссиядан алған құжатты тез толтырып жібердік. Мен Украина Еуропалық одаққа мүше болуға дайын екенін айтамын. Еуроодақ соғыстан кейін елімізді қалпына келтіру кезінде де бірге болатынына сенімдімін, – деді Украина президенті Владимир Зеленский.

Алайда Украинаның Одаққа қосылу үрдісі ұзаққа созылуы мүмкін. Қазір 7 мемлекет дәл осындай мәртебеге ие. Олардың қатарында Албания, Солтүстік Македония, Черногория, Сербия және Түркия бар. Анкараның Брюссельдің оң шешімін сарғая күткеніне 20 жыл болды. Балқан елдері мәселесі де әлі шешімін таппай келеді.

Өкінішке қарай Балқан елдері ұйымға қосылуды ескі тәртіппен бастаған еді. Енді жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болып отыр. Бірақ бұл елдер ұмытылған жоқ деп үміттенеміз, – деді Словения премьер-министрі Роберт Голоб.

Ежелден Ресей одақтасы болып саналатын Сербия өзінің сыртқы саясатын Еуропалық одақпен келісіп жүргізуден бас тартып келеді. Ал Солтүстік Македония мен Албанияның өтініштерін Болгария қолдамай отыр.

Өзгелердің жаңалығы