Украина билігі АҚШ әкімшілігіне Вашингтон әзірлеген Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі соңғы бейбітшілік бастамасына ресми жауабын жіберді. Бұл туралы Axios порталының журналисі Барак Равид дереккөздерге сүйене отырып жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сәрсенбі күні Украина АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігіне АҚШ-тың жаңа бейбітшілік жоспарына жауап құжатын тапсырды, - деп жазды Равид X платформасында.
Оның айтуынша, ақпаратты украиндық және америкалық шенеуніктер растаған.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Киев Вашингтонға бейбітшілік жоспарының қайта өңделген, жаңартылған нұсқасын жолдаған. Агенттік Еуропа елдерінің де қақтығысты тоқтатуға бағытталған үш негізгі құжат бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Олардың біріншісі – әскери іс-қимылды тоқтатудың ықтимал шарттары туралы ортақ көзқарасты қамтиды. Екінші құжат – Киевтің қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты ұсыныстарға арналса, үшіншісі – Украина аумағын қалпына келтіру тетіктері мен қаржыландыру мәселелеріне шоғырланады.