Үкіметтің бүгінгі халықпен жұмыс істеп, қоғаммен коммуникация жасау тәсілдері көңіл көншітпейді. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылдан бастап Қазақстан күрделі қоғамдық-саяси трансформация кезеңін өткеріп жатқанын айтып, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.
AMANAT фракциясы енді Үкімет, жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп, осы саяси трансформацияны халықты шешім қабылдау процесіне кеңірек араласу үрдісіне айналдыра отырып, қоғамның ыждаһатты әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға пайдалануы қажет деп есептейді. Бізге парасатты, байсалды, халықшыл саяси мәдениет қалыптастыру маңызды, - дейді Саиров.
Сөзінше, аймақтарда жергілікті әкімдер бюджет қабылдау процесіне жаңа сайланған мәслихаттардың шығармашылдық потенциалын пайдалана отырып, бюджет процесіне қоғамды кеңірек қатыстыру мәдениетін жасау маңызды.
Жергілікті бюджеттің қалыптасуы барша халыққа жаппай ашық және түсінікті болуы тиіс. Аудандық, облыстық деңгейдегі өзекті, өткір мәселелер ашық талқыдан өте отырып, шешімдер жергілікті қоғамдастықпен келісе отырып қабылданғаны абзал. Үкіметтің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, саясатын өзгерткенде халыққа түсінікті, ашық болуы шарт. Шыны керек, Үкіметтің бүгінгі күнгі халықпен жұмыс істеп, қоғаммен коммуникация жасау тәсілдері көңіл көншітпейді, - деп санайды депутат.
Жасөспірімдерді гуманистік тұрғыда тәрбиелеу, Қазақстандық өзін-өзі сезіну, мемлекеттік ақпарат қауіпсіздігі аясында проблемалар көбейіп келеді.
Үкімет елімізде өтіп жатқан саяси трансформацияның мәні мен маңызын халыққа түсіндіре отырып, азаматтардың қоғамдық творчествосын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауы тиіс, - деп айтты депутат Ерлан Саиров.
Ол бұл мәселелерді оң шешпей Конституциялық реформаның ұлағатты творчестволық потенциалын арттыру қиынға соғатынын айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында сыртқа заңсыз кеткен активтерді қайтару мәселесін көтерді. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Иргалиевке жолдаған сауалында азық-түлік бағасы шарықтап бара жатқанын айтты.