Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландырудағы өзгерістер

19 Желтоқсан 2022, 14:20
1053
Бөлісу:
Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландырудағы өзгерістер

Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҮЕҰ-ды гранттық қаржыландырудың жаңа тәсілдері туралы сөз болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдар үшін берілетін гранттық қаржыландыру жүйесі күннен-күнге өзгеріске ұшырап жатыр. Биыл гранттық қаржыландыру жүйесі де қайта қаралды. Бұл  олардың әлеуетін одан әрі дамытып, құқықтық базаны жетілдіру жұмыстарының жүйелі түрде жұмыс істеуіне септігін тигізеді. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр   Қожахметтің сөзінше елімізде барлығы 17 мыңнан астам ҮЕҰ жұмыс істейді, 21 мыңнан астам қоғамдық ұйым тіркелген. Бүгінгі таңда азаматтық секторда жұмыспен қамтылғандар саны 25 мыңға жуық адам.

Қазіргі уақытта ҮЕҰ-ды мемлекеттік қаржылық қолдаудың үш негізгі бағыты бар. Олар: мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс 2005 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан мемлекет пен ҮЕҰ өзара іс-қимылының әлеуметтік жобаларды іске асырудағы тиімді тетіктерінің бірі.   Бұл ретте, қаржыландыру көлемі соңғы 5 жылда 20% - ға артты, жыл сайын әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша орта есеппен 2 мыңға жуық жоба іске асырылып жатыр.  Жалпы, гранттарды іске асыру кезеңінде 2016 жылдан бастап гранттық қаржыландыру көлемі 10 есе ұлғайды, жобалар саны 6 есе өсті. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге 60 гранттық жоба іске асырылды, - деді Мадияр Қожахмет.

Сондай-ақ алдағы уақыттағы гранттық қаржыландыруды бөлетін жаңа тәсілдер туралы айтты. Осыған дейін гранттық қаржыландыру форматы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігімен ұқсас болып келген еді.

Халықаралық тәжірибе негізінде гранттық қаржыландырудың жаңа тетіктері енгізілді. Енді жаңа формат бойынша мемлекеттік органдар өзекті мәселе мен күтілетін нәтижелерді көрсете отырып, гранттарды бағыттар бойынша топтау арқылы қалыптастырады. Ал шешу жолдарын ҮЕҰ конкурсқа қатысу барысында өздері ұсынатын болады. Сондай-ақ, гранттық саясаттың салалық тәсілін кеңейту мақсатында орталық мемлекеттік органдарға да оператор арқылы гранттар беру құзыреті беріліп отыр, - деп атап өтті ол.

Айтуынша, 2023 жылы министрлікпен азаматтық қоғамды, дін саласын, сондай-ақ жастар саясатын дамыту бағыттары бойынша жаңа тәсілдер аясында гранттық жобаларды іске асыруға 1,2 млрд.теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда. 

Биыл азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен гранттардың тиімділігін бағалау тетігі енгізілді. Ол осындай жобалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және кейіннен гранттарды қалыптастыру үшін негіз болады дейді төраға баспасөз мәслихатында.

Өзгелердің жаңалығы