Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қаңтар оқиғасы кезінде халық алдына неге шықпағанын түсіндірді.
Егер заңсыз талап қойылып жатса, мен ешқандай келісімге бармаймын. Егер президентке қарсы, мемлекетімізге қарсы талаптар қойылып жатса, оларды қолдауым керек пе? Мен қандай жағдай болса да халықпен кездесіп келе жатқан адаммын. Тек бір мәселе: егер заңсыз әрекет болса, мен оған бармаймын, – деді ол өз сөзінде.
Әкім журналистерге берген жауабында 4 қаңтарда Ақтөбе қаласынан ешқайда кетпегенін, қалада болғанын айтты. Ал қала әкімі тікелей оның тапсырмасымен халық алдына шыққанын мәлімдеді.
Алаңда жиналған түрлі азаматтар болды. Ішінде елдің болашағын ойлайтын жанашыр азаматтар да болды. Сонымен қатар, басқа түрлі-түрлі таптар болды. Соның ішінде заңсыз әрекеттерді талап еткен адамдар болды. Соның ішінде тыйым салынған экстремистік топтардың, партиялардың, қозғалыстардың мүшелері де болды. Бәрі жақсы не бәрі жаман деп айтудан аулақпын. Бірақ басым көпшілігі сол жердегі эмоцияға беріліп, біраз талаптар қойғаны рас. Оның ішінде Үкіметті құлату, Президентіміздің қызметтен кетуі сияқты талаптар болды, – деді Оңдасын Оразалин.