Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Үкіметте қызылшаға қатысты эпидемиологиялық ахуал талқыланды

Бүгiн, 08:54
130
Бөлісу:
 Үкіметтің баспасөз қызметі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен жұқпалы аурулардың таралуына арналған кеңес өтті. Онда қызылша бойынша жағдай жеке қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы қызылшаға шалдығу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 85%-ға төмендеген. Дегенмен, биылғы жылдың басынан бері елде 1 951 жағдай тіркелді. Аурушаңдық ең көп Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Атырау облыстарында байқалады. Науқастардың басым бөлігі – 5 жасқа дейінгі, екпе алмаған балалар.

Кеңесте аурушаңдық деңгейі жоғары өңірлердің әкім орынбасарлары есеп берді. Аида Балаева эпидемиологиялық ахуалды өңірлік штабтар деңгейінде күн сайын талдауды және жергілікті басшылардың жеке жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ профилактикалық екпемен қамту мәселесі қаралды. Бірқатар өңірде жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген. Әсіресе Маңғыстау облысында негізгі вакциналар бойынша қамту деңгейі төмен екені атап өтілді.

Кеңес қорытындысы бойынша қызылшаға қатысты жағдайды ерекше бақылауға алып, халық арасында иммундаудың маңызын түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы