Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тәртіпсіздіктен зардап шеккен кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетінін айтты.
Оның айтуынша, тәртіпсіздік кезінде 1 630 шағын орта бизнес субъектісіне шамамен 38,6 млрд теңгеге шығын келтірілген.
Мемлекет басшысының кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген залалды өтеу тапсырмасын орындау шеңберінде, тәртіпсіздіктер салдарынан туындаған зардаптарты жою жөніндегі комиссия құрылды. 20 қаңтарда тиісті тетіктер қабылданды. Өтемақы жергілікті атқарушы органның жанындағы өңірлік комиссиялармен келтірілген залал сомасы құжаттық расталғаннан кейін жүзеге асырылады, - деп түсіндірді Скляр.
Сөзінше, жеңілдетілген тәртіпте фискалдық деректерге сүйене отырып, кәсіпкерлер 10 млн теңгеге дейін ала алады.
Төлемдер Үкімет резервінен, сондай-ақ жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. Биылдың 11 наурызындағы жағдай бойынша, өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1 630 өтініштің 1 192-сін мақұлдады. Қалған 438 кәсіпкер бағалау рәсімдері аяқталғаннан кейін өтемақы алады, - деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары Мәжілістің жалпы отырысында.
Ол барлық шағын орта бизнес субъектісі қандай қолдауға ие болатынын түсіндірді:
- мемлекеттік мүлікті жалға алу төлемінен босату;
- жеке және заңды тұлғалар несиелер төлемдердін кейінге қалдыруды қамтамасыз ету;
- қарыз алушыларға талап қою жұмыстарын және қарыз алушыны мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігін хабардар ету тоқтата тұру;
- салықтар мен алымдарды төлеу мерзімдерінің өзгеруі;
- мемлекеттік кірістер органдары бастаған салық және кедендік тексерулерді тоқтата тұру және камералдық тексерулерге хабарламалар бермеу.