Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Үкімет "Қазақстан балалары" бағдарламасын бекітті

Бүгiн, 13:15
119
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/Ғазиз Шәкіров
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ғазиз Шәкіров

Бүгін Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында берген тапсырмасы негізінде әзірленген «Қазақстан балалары» бағдарламасын бекітті. Бұл жайында Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бағдарлама мемлекеттің балалар құқықтарын қорғау саласындағы жұмысының тұрақты әрі жүйелі жалғасы болып саналады.

Кешенді құжат негізгі салалардың барлығында балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға қатысты қолданыстағы тетіктерді біріктіруге әрі жүйелеуге бағытталған. 

«Қазақстан балалары» ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтады және балалар мүддесіне бағдарланған саясатты дамытуға қатысты мемлекеттік тұрғыдан бірыңғай көзқарасты қалыптастырады. Бұған қоса, «Қазақстан балалары» бағдарламасы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірқатарына сәйкес келеді. 

Бағдарламаны іске асырудың 2026-2030 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспары жаңа 158 нақты шарадан тұрады. Жоспар балалардың құқықтық қорғалуын, қауіпсіздігін және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Жоспар аясында денсаулық сақтауды қорғау, балалар инфрақұрылымын кеңейту, балалар маршрутына цифрлық сүйемелдеу жүйесін енгізу, онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары және т.б. қарастырылған.

Балалар құқықтары саласындағы нормативтік құқықтық базаны одан әрі іске асыру және жаңарту көзделіп отыр. Жалпы алғанда, «Қазақстан балалары» бағдарламасы – балалардың құқықтары мен болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытындағы негізгі мемлекеттік саясатқа ықпал ететін кешенді әрі ұзақ мерзімді құжат. Осылайша, балалардың қорғалуы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер басты бағыттардың бірі саналады және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назарында, - деп жазды Қарин.

Айта кетейік, бүгін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын ұсынған еді.

Өзгелердің жаңалығы