Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов елордада өткен кеңестің алғашқы сессиясынан кейін жаңа саяси органға қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, институттан күтер үміт көп.
Біз қоғам пікірін жинақтап, елде болып жатқан мәселелердің барлығын көтеріп, оны шешу жолдарын анықтаймыз. Бұл – бір қыры ғана. Ал оны заңға келтіру – мүлдем бөлек жұмыс. Ұлттық кеңестің жұмысы сол – елде болып жатқан мәселелерді ашық талқылап, оны Парламентке (қазіргі Құрылтайға – ред.), Үкіметке шешу жолдарын ұсыну, ашық талқылау. Басқа институттарға, Парламентке қарағанда оның ішкі бюрократиясы аз. Партиялық қатаң тәртіптер жоқ. Әр адам өз саласының маманы. Сол себептен, ашық талқылауға мүмкіндік болатын жақсы институт деп есептеймін. Қазақта да бұрын ондай болған ғой. Құрылтай – бір деңгей. Ал ақсақалдар, елдегі білетін адамдар жиналып, мәселені шешкен. Бұл ашық талқылайтын жер деп санаймын, - деп атап өтті Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі.
Сонымен қатар ол кеңестің мүмкіндіктеріне тоқталды.
Екіншіден, бұл жерде де заң шығаруға мүмкіндіктер бар. Үкімет пен халықтың арасындағы алтын көпір болуға мүмкіндік бар. Өзіме қоғамдық жұмыс өте қызық. Парламентке дейін 10 жыл қоғамдық жұмыспен айналыстым. Бұл сол жұмыстардың жалғасы болады деген сенімдемін, - деп ағынан жарылды Мұрат Әбенов.
Еске салайық, бүгін елордада елордада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтті.