Мамин мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырма берді

6 Мамыр 2019, 10:41
2668
Бөлісу:
Мамин мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің айтуынша, қазір елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 3 трлн теңгеге жуық сомада 1300 жоба іске асырылуда және әзірленуде.

«Дамыған мемлекеттердің көбісінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік инвестиция тарту және экономиканың сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін қолданылады. Бүкіл әлем бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының көпшілігі Батыс Еуропа, Латын Америка және Оңтүстік-Шығыс Азияның үлесінде. Мысалы, соңғы жылдары Еуропалық Одақ елдерінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік құралдарын қолдану арқылы жалпы сомасы 336 млрд доллардан асатын жобалар іске асырылды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік – инвестицияларды тартудың негізгі құралдарының бірі, әрі экономиканың қарқынды өсу факторларының және Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Қазір Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 3 трлн теңгеге жуық сомада 1300 жоба іске асырылуда және әзірленуде. Ең ауқымды жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау секторларында іске асырылуда. Жобалардың саны мен сомасына қарасақ, осы бағыттағы жұмыстың қарқыны жаман емес. Бірақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуеті толығымен асырылмаған деп айтуға болады. Осыған байланысты сіздердің назарларыңызды бірқатар мәселеге аударғым келеді», - деді Премьер-министр.

Асқар Мамин отырыста баяндама жасаған Үкімет мүшелерінің есебінен кейін, оларға бірқатар тапсырма берді.

«Бүгінгі баяндамашылар жобалардың сапасы бойынша мәселе көтерді. Осыған байланысты өңірлерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының қаралу кезеңдерінде бюджеттік шығындарды азайтатын жобаларға аса назар аударуды тапсырамын. Екінші, ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың, оның ішінде көлік және энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына байланысты жобаларды іске асыру қажет. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мен ынталандыруда халықаралық қабылданған тәжірибені ескеріп, қосымша механизмдерді талқылауды тапсырамын. Сонымен қатар, заңнамалық қажетті өзгерістерді пысықтау қажет. Үшінші денсаулық сақтау саласында осындай жобалар қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл бағыттың әлеуеті үлкен. Сондықтан, ДСМ халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті алдағы уақытта да белсенді пайдалану қажет. Жалпы министрдің ұсынысын қолдаймыз. Елжан Амантайұлы (Денсаулық сақтау министрі – автор), оларды мүдделі мемлекеттік органдармен пысықтау қажет», - деді ол.

Премьер-министр еліміздегі білім беру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында келесі тапсырманы БҒМ Күләш Шәмшидиноваға айтты. 

«Төртінші, білім беру саласы бойынша балабақшаларды орындармен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үздік үлгілерінің бірі деп айтуға болады. Бүгінгі таңда балабақшадағы орындардың 40%-ға жуығын жеке сектор беріп отыр. Бұл – 307 мыңнан астам бала. Балабақшалар үшін жаңа жан басына қарай қаржыландыру нормативі бекітілген. Сондықтан, өңір әкімдіктері олардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Мектептерді салу-жөндеу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті тәжірибесін кеңінен таратқан жөн. Оған барлық тетіктер мен құралдар әзірленген. Бірқатар өңірде осы бағытта тиімді жұмыс атқарылуда. Күләш Таңатайқызы (Білім және ғылым министрі – автор), жан басына қарай қаржыландыру нормативін ескере отырып, бұл мәселені әкімдіктермен пысықтаңыз. Сонымен бірге, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін де осындай жобаларды дамытудан бастаған жөн. Қазір бұл мәселелер пысықталуда. Бірлескен жобаларды дамыту мен басқару бойынша бизнес тарапынан үлкен қызығушылық бар. Мұны көріп отырмыз. Жалпы кәсіптік-техникалық білім беру мәселесі Үкіметтің алдағы отырыстарының бірінде тағы жеке талқылаймыз», - деді ол.

Сөз соңында Асқар Мамин қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы өз жұмысын жаңа форматқа сәйкес ұйымдастырып, инвесторларға бір терезе қағидаты бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қалыптастыру және сүйемелдеу орталығына айналу қажеттігін атап өтті. 

«Бесінші, жоспардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша ірі инвесторларды хабардар ету үшін кең ауқымды жұмыс жүргізу керек. Осыған байланысты қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы өз жұмысын жаңа форматқа сәйкес ұйымдастырып, инвесторларға бір терезе қағидаты бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қалыптастыру және сүйемелдеу орталығына айналу қажет. Руслан Ерболатұлы (Ұлттық экономика министрі – автор), осыған байланысты тиісті ұсыныстарды енгізіңіз. 

Экономиканы қарқынды дамыту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті әртүрлі инфрақұрылым және әлеуметтік жобаларға инвестиция тартуда аса маңызды көзі екенін тағы атап өткім келеді. Осы ретте Әлихан Асқарұлы (Қаржы министрі – автор) үлестіру және бақылау сізге жүктеледі», - деді ол.

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік-жекешелік әріптестік бюджеттен тыс есебінен экономикағы инвестиция тартуды кеңейтетінін атап өтті. 

Сонымен қатар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі аясында іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндай отырып, Қазақстанда 11 мың шақырым жолды ақылы жүйеге ауыстыру жоспарланған жеткізді.


Өзгелердің жаңалығы