ҚР Үкіметі өңірлік жылу электр орталықтары мен басқа да жылу көздерін алдағы қысқа дайындау шеңберінде Көкшетау қаласындағы қазандықтарда жөндеу жұмыстарына өз резервінен 1,9 млрд теңгеден астам қаражат бөлді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қала тұрғындарын екі қазандық – 1-АҚ (1977 ж.) және 2-АҚ (1998 ж.) жылумен қамтамасыз етеді. Біріншісінде жалпы қуаты 294 Гкал/сағ болатын 3 газ-мазутты қазандығы, екіншісінде – қуаттылығы 280 Гкал/сағ болатын 3 ұнтақ көмір қазандығы орнатылған. Бүгінде жылу көздеріндегі жабдықтар әбден тозған.
Қысқа дайындық қарсаңында түтін мұржаларын, қазандық қондырғыларын, газ құбырларын, ауа жылытқыштарын жөндеу және басқа да жұмыстары жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2023-2024 жылдардағы және одан кейінгі жылыту маусымы іркіліссіз өтуі қажет.
Айта кету керек, бүгінде жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы мен жалпы жергілікті экономиканың дамуы аясында Көкшетаудың энергияға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін толыққанды жылу электр орталығының құрылысы пысықталып жатыр.