Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Үкімет кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысын күшейтеді

Бөлісу:
 Primeminister.kz сайты
Фото: Primeminister.kz сайты

Жиын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкіметте кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың қызметі, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер ортасында құқықбұзушылық пен буллингтің алдын алу мәселелері қаралды.

Отырысқа министрліктер мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы өңір әкімдіктері қатысты.

Кеңес барысында формалды тәсілдерден бас тартып, нақты әрі алдын ала бағытталған профилактикалық жұмысқа көшу қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бірқатар өңірлерде басқару тәртібі мен ведомствоаралық үйлестіруді түбегейлі күшейтуді талап ететін жағдайлардың сақталып отырғаны атап өтілді. Атап айтқанда, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты резонансты оқиғалар мен жергілікті деңгейдегі жекелеген бюджеттік шешімдердің тиімділігіне байланысты мәселелер қозғалды.

Сонымен қатар балаларды қолдау шараларын алғаш рет бірыңғай кешенді форматта біріктірген "Қазақстан балалары" бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды.

Аида Балаеваның айтуынша, кәмелетке толмағандармен жұмыс сандық көрсеткіштерге емес, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.

Біз санға емес, сапаға жұмыс істеуіміз керек. Әр бала бойынша нақты нәтиже болуы маңызды. Комиссия формалды орган болып қалмауы тиіс. Әрбір жағдай жеке қаралып, тиісті сүйемелдеу белгіленіп, қабылданған шаралардың нақты әсері міндетті түрде тексерілуі қажет. Біз үшін бала болашағы бәрінен маңызды, – деді вице-премьер.

Жиын қорытындысы бойынша өңірлік комиссиялардың құрамын бір апта ішінде жаңартып, оларды сарапшылар қауымдастығы, ата-аналар ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңестер өкілдері есебінен кеңейту тапсырылды.

Сондай-ақ "Қазақстан балалары" бағдарламасын іске асыру аясында өңірлерге республикалық құжат негізінде, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, өз жоспарларын бекіту міндеттелді.

Өзгелердің жаңалығы