Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов ауыз сумен қамту бағытында атқарылған жұмыстар мен қаржыландыру көлемі туралы мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы жылдар аралығында бюджеттен шамамен 835 миллиард теңге, оның ішінде арнаулы мемлекеттік қордан – 132 миллиард теңге бөлініп, 1,6 мыңнан астам жоба іске асырылды. Яғни Үкімет тарапынан қаржыландыру мәселесі толығымен шешілді.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 34 қала мен 756 ауыл орталық су жүйесімен қамтылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды, – деді Қажкенов.
Салыстырмалы түрде, 2021 жылы ауыл халқының 90 пайызы және қала халқының 97,5 пайызы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6 087 ауыл ауыз сумен 100% толық қамтамасыз етіліп отыр, – дейді вице-министр.
Оның ішінде:
– 4 747-сі орталық су жүйесімен қамтылған (ауыл халқының 96%);
– 1 340 ауыл орталықтандырылмаған су жүйесімен қамтылған (ауыл халқының 4%), соның ішінде:
– 1 102 ауыл суды тазарту блок-модульдері арқылы қамтамасыз етілген (ауыл халқының 3,6%);
– 219 халқы аз елді мекенде сумен жабдықтау ұңғымалар есебінен жүзеге асырылады;
– 19 елді мекенде шалғай орналасуына және су көздерінің болмауына байланысты ауыз су тасымалдау арқылы жеткізіледі.
Аталған елді мекендерде орта есеппен 70 адамнан тұрады.
Әртүрлі сумен жабдықтау тәсілдері тек қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қаржылық шығындарды тиімді пайдалануға мүмкіндік берді, – дейді ол.