Үкімет бизнесті қолдау бойынша жұмысты жалғастыратын болады

12 Сәуір 2021, 11:22
2334
Бөлісу:
Үкімет бизнесті қолдау бойынша жұмысты жалғастыратын болады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында биылғы қаңтар-наурыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша экономиканың нақты секторында оң және тұрақты динамика байқалды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 7,5 пайыз, құрылыс 13,1 пайыз және ауыл шаруашылығы - 2,8 пайыз денгейінде тұрақты, әрі орнықты өсуде. Сонымен қатар машина жасауда 21,8%, оның ішінде автомобиль жасауда 20,7%, фармацевтикада, химия өнеркәсібінде, металлургия өндірісінде, оның ішінде түсті металл өндірісінде, жеңіл өнеркәсіпте, соның арасында киім өндірісінде, тамақ өнеркәсібінің өндірісінде өсімнің оң үрдісі байқалады, - деді ол.

Үкімет басшысы биыл 1 сәуірде ОПЕК+ 15 министрлік кездесуі өткенін, Қазақстан үшін онда мұнайды өндіруді тағы тәулігіне 6 мың баррельге ұлғайтуды көздейтін жекелеген шарттар келісілгенін атап өтті.

Осыған орай, жыл соңына дейін мұнай өндіру саласында оң динамика қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, өсудің оң қарқыны электр энергиясын өндіруде 4,4% пайыз және көмір өндіруде 1% пайыз деңгейінде тіркеліп отыр. Көмір өндірісінде өсу қарқыны сақталып отыр. Қызмет көрсету секторында ақпарат және байланыс саласында жоғары өсу қарқыны байқалады, - деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, жалпы, шектеу шаралары қызмет көрсету секторының дамуын тежеуде.

Негізгі капиталға инвестициялардың өсуі кен өндіруді есепке алмағанда 34 пайызды құрады. Жалпы, біз экономиканың негізгі салаларындағы көрсеткіштердің біртіндеп жақсару үрдісін көріп отырмыз. Экономикалық белсенділікті арттыруға қосымша жағдай жасау үшін Үкімет бизнесті қолдау бойынша кешенді шараларды іске асыру арқылы жұмысты жалғастыратын болады, - деді Асқар Мамин.
Өзгелердің жаңалығы