Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың нақты өсуі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,8%-ға жетті. Нақты сектордың даму қарқыны жақсы. Өңдеу өнеркәсібінде өсім – 4,6%. Машина жасау саласында – 7,5%, оның ішінде автомобиль жасауда – 18%. Химия өнеркәсібінде – 11%, жеңіл өнеркәсіпте – 10%-т, металлургияда - 5% және мұнай өңдеуде 4% өсім тіркеліп, оң динамика байқалуда. Құрылыс саласының өсу қарқыны жоғары – 5,1%. 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Премьердің мәлімдеуінше, биыл ауыл шаруашылығының да өсу қарқыны жоғары – шамамен 7%.
Қызмет көрсету секторы 2%-ға өсті. Сауда – 4%-дан астам, көлік 5%-ға және байланыс 7%-ға жуық өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімі 7%-ды құрады. Оның ішінде білім беру, сауда, құрылыс салалары мен тау-кен өнеркәсібінде көрсеткіштер жоғары. Өңірлер арасында 9 айдағы негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы және Шымкент қалалары көш бастап келеді, - деді Әлихан Смайылов.