Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024-жылдарға арналған жоспары қабылданды. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жоспарда егіс алқаптарын ұлғайту және негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін арттыру көзделген. Сондай-ақ мал басын өсіруге және мал шаруашылығының өнімділігіне баса назар аударылып отыр.
Жалпы өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту және егіс алқаптарының көлемін арттыру есебінен еліміздің агроөнеркәсіптік кешені дамудың оң серпінін көрсетті. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9 пайызға ұлғайып, 9,3 трлн теңгеге жетті. Өсудің негізгі факторы болған өсімдік шаруашылығында өнім өндіру көлемі 15 пайызға артты, - деді Әлихан Смайылов.
Ол сонымен қатар жоспарды іске асырумен бірге, делдалдық схемалардың жолын кесу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу және нарықтық реттеу шаралары белсенді түрде іске асырылуда екенін атап өтті.
Қабылданған шаралар оң нәтиже берді. Өткен 2 апта ішінде негізгі азық-түлік бағаларының өсуі тіркелген жоқ. Агроөнеркәсіп саласында бірқатар жобалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өндірісті одан әрі әртараптандыру үшін 65 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымымен бірге Қазақстанның жануарлардың аса қауіпті инфекциялары бойынша тұрақты деген мәртебе алуы бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл өткізу нарықтарын кеңейтуге және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деді Смайылов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздің бірқатар өңірінде сумен қамту мәселесі шешілмегенін айтты.