Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Үкімет: Ауылдарда 645 медициналық нысан салынды

Бүгiн, 10:10
180
Бөлісу:
 primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы басталған "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиынға ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ҚР ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, сондай-ақ өңір әкімдері мен әкім орынбасарлары онлайн режимде қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарын салу, орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту және оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету бағыттарын қамтитын «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру. Қазіргі уақытта жобадағы 655 нысанның 645-інің құрылысы аяқталды, бұл жоспардың 98%-ын құрайды. Оның ішінде 226 нысан бұрын медициналық инфрақұрылым болмаған ауылдарда салынған, ал 419-ы ескірген ғимараттардың орнына тұрғызылды. Сонымен қатар жоба аясында қалған 10 МСАК нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Аида Балаева облыс әкімдіктеріне құрылыс-монтаж жұмыстарын, жобалық жұмыстарды дер кезінде аяқтап, әкімшілік кедергілерді жоюды тапсырды.

Барлық бағыт бойынша қатаң әрі жүйелі бақылау қажет. Әр облыс бойынша бекітілген кестелерге сәйкес, бұлжытпай орындалып, барлық кезеңінде қадағалау және міндеттемелердің толық орындалуын қамтамасыз ету маңызды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама нәтижесіне қатысты нақты әрі толық ақпарат берілуі тиіс. 2026 жыл – жауапты кезең, сондықтан формалды есеп емес, нақты нәтижелер мен жергілікті жердегі расталған бақылау қажет, — деді Премьер-министрдің орынбасары.

Сонымен қатар жобаның екінші бағыты – инсульт орталығы, ТКА орталығы, перинаталдық орталық, травматология, хирургия және медициналық оңалту бөлімшелері бар жаңғыртылған 32 орталық аудандық аурухананы пайдалануға беру мәселесі қаралды. Баяндамаға сәйкес, 14 нысанда жұмыстар аяқталған, тағы 24 аурухана қайта жаңарту немесе күрделі жөндеу кезеңінде тұр.

Талқылауда ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі болды. Ұлттық жоба аясында 1100 медицина қызметкерін даярлау қарастырылған.

Инфрақұрылым салу – маңызды қадам, алайда шешуші фактор – кадр мәселесі. Нысандардың тиімді әрі сапалы жұмысы тікелей медициналық мамандардың даярлығы мен олардың қолжетімділігіне байланысты. Бүгінде мамандар тапшылығы ауылдық жерде ғана емес, ірі қалаларда да байқалады. Медицина нысандарын пайдалануға беру персоналды толықтырудың нақты алгоритмімен және көрсетілетін қызметтің көлемі мен сапасын нақты түсінумен қатар жүруі тиіс. Соңғы жылдардағы экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қазақстан денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ауқымды инвестиция салуда. Бұл жобалардың нәтижесі барлық сын-пікірге берілген нақты жауап. Сондықтан нысандарды салумен ғана шектелмей, олардың қанша адамды қамтитынын, қандай нақты пайда әкелетінін халыққа жеткізу маңызды. Азаматтардың денсаулығы – елдің адами капиталы мен стратегиялық әлеуеті, мемлекет қабылдап жатқан шаралардың барлығы осыған бағытталған, — деп атап өтті Аида Балаева.

Жиынды қорытындылай келе, Премьер-министрдің орынбасары бірқатар тапсырма берді.

Атап айтқанда:

  • жыл соңына дейін жұмысты аяқтауы тиіс өңірлер бойынша қосымша тексеру жүргізіп, нақты бақылау нәтижелері туралы есеп ұсынуды; бекітілген жұмыс кестелерін қатаң сақтап, әр облыс бойынша егжей-тегжейлі жоспар-графиктерді әзірлеп, олардың орындалуын тұрақты бақылауды;
  • бірінші, екінші және үшінші бағыт бойынша толық әрі уақтылы жұмыс жүргізу, жыл соңына дейін алынған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету, әр жағдай бойынша міндетті түрде ақпарат беруді;
  • 2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама нәтижелері жөнінде өңірлер бойынша нақты әрі толық ақпарат ұсынуды тапсырды.
Өзгелердің жаңалығы