Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Халықтың табысын арттыру бағдарламасын таныстырды.
Халықтың табысын арттыру жөніндегі үкіметтік бағдарлама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айындағы Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыру аясында Үкіметпен әзірленіп, бекітілді.
Бағдарлама Президенттің Жаңа Қазақстанды құру туралы идеясын жүзеге асырады, адамдардың әл-ауқатын, кірістерін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыруға ықпал етеді. Бағдарлама шеңберінде бюджет саласының 1 млн-нан астам қызметкерінің және квазимемлекеттік сектордың өндірістік персоналының жалақысын ұлғайту көзделіп отыр. 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады, - деді Ералы Тоғжанов.
Үкімет мүшесі халықтың табысын арттыруға әсер ететін жанама тиімділігі туралы да айтты. Біріншіден, 50 ірі кәсіпорынның айналасында олардың табысын арттыру үшін ШОБ белдеулерін құру жоспарланып отыр.
Мысалы, Қызылорда облысындағы бір ғана шыны зауыты айналасында шыны талшық, автомобиль әйнектері, шыны кәдесыйлар, шыны ыдыстар, шыны мақта, смартфондарға арналған ультра жұқа әйнектер өндіретін 8 шағын зауыттан тұратын ШОБ белдеуін құрады. Осындай тәсіл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен жаңа жобаларға да қолданылатын болады, - деп толықтырды Ералы Тоғжанов.
Екіншіден, сұранысқа ие өндірістік тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа өндірістерді жергіліктендіру жүзеге асырылады.
Осылайша, аталған саладағы 4 зауыттың іске қосылуы 37 отандық тауар өндірушілер үшін құбырлар, сорғылар, ыдыстар, бөтелке өнімдері, геотекстильдер, тоңазытқыштар мен кондиционерлер өндірісін құруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, 4 сала - фармацевтика, биотехнология, IT-технологиялар және мұнай-химия салалары бойынша 5-6 жаңа өнеркәсіптік индустрия құру арқылы өңдеу өнеркәсібін жаңғырту іске қосылады. Жаңғырту отандық тауарларды өндіру және кейіннен экспортқа шығару есебінен импортқа тәуелділікті еңсеруге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ОКҚ-да.