Коронавирус. Елімізге шетелден келгендер үй карантинінде болады

26 Ақпан 2020, 13:07
1816
Бөлісу:
Коронавирус. Елімізге шетелден келгендер үй карантинінде болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. 

Сонымен қатар, ол коронавирустық инфекция бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар туралы айтып берді.

Біз әлемдегі жағдайды ескеріп, ҚР Бас санитариялық дәрігердің арнайы қаулысын қабылдадық. Ол өз күшіне 1 наурыздан бастап енеді. Оған сәйкес қауіпті елдердің 1-санатына Қытайдан бөлек, Оңтүстік Корея, Италия, Иран, Гонконг, Жапония, Макао және Тайвань (ҚХР) арнайы әкімшілік ауданы сияқты елдер кірді. Енді осы елдерден келген азаматтар 14 күнге үй карантиніне жіберіледі, яғни олар өзін қоғамнан барынша оқшаулауы тиіс. Медициналық қызметкерлер оларға күнделікті хабарласып, қал-жағдайын нақтылап отырады. Айта кетейік, Қытайдан келген азаматтар бұрынғыша міндетті түрде 14 күнге карантинге жатқызылады және одан кейін 10 күн бойы медициналық бақылау жүргізіледі, - деді Жандарбек Бекшин.

Оның сөзінше, енді 1-санатқа енген елдермен әуе қатынасы шектелетін болады. 

Біз кей елмен әуе қатынасын азайтатын боламыз. Олардың арасында, бірінші кезекте, Оңтүстік Корея бар. Себебі, бұл елде біздің 34 мың азаматымыз бар. Біз 1 наурызға дейін барлық азаматымызға елге қайтып келуге мүмкіндік береміз. Ол үшін бұл елге апта сайын 9 борт, яғни 7-і Алматыдан және 2-і Нұр-Сұлтаннан ұшып шығып жатыр. Ал 1 наурыздан кейін Оңтүстік Кореяға рейстер саны аптасына 9-дан 3 рейске дейін қысқарады. Иран бойынша жағдай әлдеқайда жеңіл, себебі онда біздің 170-ке жуық азаматымыз бар. Олар 1 наурызға дейін қайтып келуі тиіс. Себебі, одан кейін Иран Республикасымен әуе қатынасы тоқтатылады, - деді Бас санитариялық дәрігер. 

Оның мәліметі бойынша, қауіпті саналатын Жапонияға елімізден аптасына екі рет ұшақ аттанады. Алайда, бұл ел бойынша айтарлықтай мәселе жоқ, себебі бұл рейстер онсыз да толмайды, яғни көп адам ұшпайды. Басқа елдер бойынша осы тектес шараларды қолдану талқыланып жатыр, шешім кейін қабылданады. 

Осыған қоса, Жандарбек Бекшин шетелге билет сатып алғандарға қатысты да мәлімет айтты. 

Қазіргі кезде көптеген азамат билеттерін қайтарып жатыр. ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне кеше республикалық ведомствоаралық комиссия отырысында билеттерді қайтарған және жол жүруден бас тартқан азаматтарға билет құнын толық көлемде өтеу туралы тапсырма берілді. Айта кетейін, бұл коронавирустық инфекцияның тарауы бойынша 1-санаттағы елдерге ғана қатысты. Ал туристік операторлардан алынған жолдамаларға келсек, тек билет құны ғана қайтарылады, - деп атап өтті Бекшин.

Өзгелердің жаңалығы