Бұл туралы орталық сайлау комиссиясының кезекті сайлау алдында жүргізілген үгіт-насихатты қорытындылау отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы болып өтті. Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кезектен тыс өткізілетін сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары туралы қорытынды мәселелер талқыланып, БАҚ-та үміткерлер штабының материал жариялауы туралы ақпарат берілді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 18 қараша түнгі 00:00 де үгіт-насихат жұмыстары аяқталып, 19 қараша – тыныштық күні аталатынын айта өтті.
Отырыс барысында сөз алған ҚР Бас прокурорының орынбасары үгіт-насихат жүргізу барысында жеке тұлғалар арасында төрт құқық бұзушылық фактісі анықталғанын айтты.
Сайлау науқаны барысында ешқандай заң бұзушылықтарға жол берілген жоқ.Жеке тұлғалар бойынша 4 заң бұзушылық фактісі орын алды. Қазіргі таңда айыпты тұлғалар өз кінәсін мойындап, оларға тиісті айыппұл салынды. Оның екеуі үгіт насихат матриалдары бойынша болса, екеуі сауалнаманы дұрыс жүргізбеу фактісі бойынша тіркелді, – деді Жандос Жәнібекұлы.