Әуежай маңындағы үйлер заңсыз салынған – заңгер

7 Қаңтар 2020, 11:40
5426
Бөлісу:
Әуежай маңындағы үйлер заңсыз салынған – заңгер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2014 жылдан бастап бұл жерлерге үй салына бастаған. Алайда Көлік прокуратурасы, Талғар аудандық прокуратура және жер инспекциясы ешқандай әрекет жасамаған. Олар сотқа шағымдану қажет еді. Қазір барлығы өздерінің қателіктері, кемшіліктері екенін біліп отыр. Бұл туралы жер мәселесі жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек сұхбаттасу барысында айтты.

Заңгердің айтуынша, Алматы әуежайы маңындағы жер 2006 жылы бір әйелге ауылшаруашылық мақсатында уақытша пайдалану құқығымен берілген. Ұшақ құлаған аумақ пен жанындағы коттедж қалашығы салынған жердің бәрі ауылшаруашылық мақсатындағы жер болған.

 

Ол әйел кейін бұл жерді сатып алып, оны жекеменшік құқығына аударған. Бұл учаскелер Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бойынша құнарлы, егістік жер болып табылады. Ол жерге құрылыс жүргізуді қойып, кейбір егін түрлерін салуға тыйым салынған. Жер кодексінің 97-бабына сәйкес аса құнды ауылшаруашылық алқап болып есептеледі. Әуежайдың маңы болған соң ол жер құс үймелейтін қоқыс орнына айналып кетпес үшін және құстар ұшақтардың ұшуына кедергі келтірмес үшін кішігірім егін егуге ғана жол берілген, - дейді ол.
 

2011 жылы Талғар ауданының әкімдігі бұл жердің нысаналық мақсатын ауыстырыпты. Ол жайында Жер комиссиясының қорытындысы және әкімнің қаулысы да шыққан. 

Жердің нысаналық мақсатын ауыстыру кезінде заңның бірқатар нормасы бұзылған. Біріншіден, Жер кодексінің 49-1-бабының 6-тармағына сәйкес жердің нысаналы мақсатын ауыстырар алдында, яғни шаруа қожалығынан жеке қосалқы үй шаруашылығына аудару үшін уәкілетті органдар оны ауыстыруға бола ма, болмай ма деген негізгі сұраққа қорытынды беру керек еді. Оның ішінде сәулет және қала құрылысы бөлімі, жер қатынастар бөлімі және өзге де уәкілетті органдар бар. Сондай-ақ, әуежай өз келісімін беру керек. Бірақ әуежай басшылығы ешқандай келісімге шақыртылмаған, - дейді Б. Базарбек. 

Заңгердің айтуынша, 2014 жылы елімізде құрылыс нормалары бекітілген. Онда әуежай маңында 3 шақырымды аумақта үй тұрғызуға тыйым салынған екен.

 

Бұл жөнінде арнайы Үкіметтің қаулысы бар. Соған сәйкес әуежай маңындағы 4 шақырымды аумаққа шаруашылық қызмет түрлерін жүргізу үшін алдымен Авиация саласындағы уәкілетті органдардың рұқсаты керек. Олар ешкімнің рұқсатын алмай және әуежайдың келісімінсіз ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке қосалқы үй шаруашылығына аударған. Жеке қосалқы жер кодексінің 102-бабына сәйкес мұндай жерлерге үй салуға рұқсат берілген. Яғни Талғар ауданы әкімдігі, Жер комиссиясы ол жерге үй тұрғызылатынын біле отыра рұқсат берген, - дейді ол.
 

Әуе құрылыс және санитарлық нормаларға сәйкес әуежайдың ұшып, қону белдеуінен бастап 3 км аумаққа ешқандай құрылыс ғимараты болмау керек екен. 

Ұшақтарда төтенше жағдай болуы мүмкін, техникалық ақау немесе ауа райының келеңсіздігінен ұшақ апатты жағдайда қонуына тура келетін кездер болады. Ондайда ұшақ ашық, кең далаға егістіктерге қону қажет. Ал бұл жерде жердің нысаналы мақсатын ауыстырғанда ол жердің бәрін үймен алмастырған. Сәулет және қала құрлысы бөлімі, жер қатынастар бөлімі жер комиссиясына қорытынды берерде "бұл әуежай маңы, сондықтан ол жерге үй салуға болмайды және жердің нысаналы мақсатын ауыстыруға келмейді" деген қорытынды берулері керек болған. Бірақ аталған бөлімдер оң қорытынды берген, - дейді заңгер. 

Оның айтуынша, кейін жердің нысаналы мақсатын ауыстыру жөніндегі әкімнің қаулысы шыққан. Сөйтіп 2012-2013 жылдары бұл жер 13 жер теліміне бөлінген және бәріне жеке кадастрлық нөмір беріліпті. Кейін ол жер 13 адамға сатылып, 10 үй тұрғызылған. Одан бөлек оның маңында тағы 36 екі қабатты үй салыныпты. Бұл үйлердің бәріне газ тартылған.

 

Газ тарту жобасын қарастырғанда бұл жер қорғау аймағына жататынын білу керек еді. Қорғау аймағында құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Төтенше жағдай болса ұшақ үйлердің үстіне қонуға мәжбүр. Аудан әкімдігі, сәулет қала құрылыс бөлімі, Жер қатынастар бөлімі құрылыс нормаларын, санитарлық және авиациялық нормаларды білмейді дейсіз бе? Барлығы біледі. Себебі бұл нормалар 2013-2014 жылдары қабылданған. Одан бұрын авиациялық нормалар жұмыс істеген. Ол жерде де шектеу қойылған. Өткендегі ұшақ мына бітпеген үйге емес, газ қосылған котедждерге барып соғылғанда адам шығыны тіптен көп болар еді, - дейді Базарбек.
 

Заңгер жердің нысаналы мақсатын жеке қосалқы үй шаруашылығына ауыстыру Жер кодексінің 97-бабының 3-тармағына сәйкес тек елдімекен шегі кеңейген жағдайда ғана ауыстырылатынын айтады. 

Жердің нысаналы мақсаты 2011 жылы ауысқан. Ал Гүлдала елдімекенінің шегі тек 2017 жылы ғана кеңейтілген. Бұл тұста Жер кодексінің 97-бабының 3-тармағы қатаң бұзылып отыр. Олар елдімекен шегін кеңейгенін күтпей, басты жобаға енгізбестен жердің нысаналы мақсатын ауыстыра салған. Осылайша, 2014 жылдан бастап бұл жерлерге үй салына бастады. Алайда көлік прокуратурасы, Талғар аудандық прокуратура және жер инспекциялары ешқандай әрекет жасамаған. Олар сотқа шағымдану қажет еді. Қазір барлығы өздерінің қателіктері, кемшіліктері екенін біліп отыр, - дейді ол. 

Айналып келгенде сорлайтын халық

Оның айтуынаша, әуежай маңына үй тұрғызған тұрғындар енді ешқандай өтемақы ала алмайды. Халықты көшіру үшін миллиардтаған ақша керек. Ондай қаражат Талғар ауданын қойып, Алматы облысының бюджетінде жоқ көрінеді.

Бұл үйдегі адамдар үлкен қауіптің үстінде тұрып жатыр. Тәуекелді өз мойынына алған жандар. Жер кодексінің 84-бабына сәйкес бұл жерлер толығымен мемлекеттің қажеттілігіне алыну керек. Бірақ ол жерді алу үшін оның өтемақысын төлеу керек қой? Оны төлейтін қазір бюджетте ондай ақша жоқ. Жемқор әкімдердің кесірінен сонда тұрып жатқан адамдар мен жолаушылар зардап шегіп отыр, - дейді заңгер. 

Бәрін бір құдайға тапсырдым

Ұшақ соғылған үйдің иесі Ришат Қалибек бұл жерді 2014 жылы жеке адамнан сатып алғанын және құжатта үй салуға болады деп көрсетілгенін айтады.

 

Көршілерімнің бәрі үй салып жатыр. Тіптен жанында коттедж қалашығы да тұрғызылған. Құжатты талай рет тексерттім де. Халыққа қызмет көрсету орталығына және басқа да мемлекеттік мекемелерге апарып тіркеттім. Ешкім ол жерге үй салуға болмайды деп айтқан жоқ. Керісінше "жеріңіз құтты болсын, көп ұзамай қалаға да қосылып қалады" деген болатын. 2014 жылы банктен несие алып, үйдің құрылысын бастап кеттім. Сол аралықта ешқандай мекемеден келіп "бұл жерге үй салуға болмайды" деп айтқан емес. Қазір үйдің құжаттары бітпеді. Жасатайын деп барғанымда алдымен үйіңді бітіріп ал деп шығарып салды, - дейді ол.
 

Шелек аулында үй жалдап тұрып жатқан Ришад қираған үйіне қатысты ешкімнен өтемақы дауламағанын айтады. 

Бәрін бір құдайға тапсырдым. Адам өліп жатқанда ақша даулап жүргенім ұят қой, ол адамгершілікке жатпайды. Дегенмен, сол кезде Талғар әкімдігі "далада қалдырмаймыз, бәрін шешеміз, артыңда үкімет бар" деген еді. Егер әуежайдан 3 км жерге үй салуға болмайды десе сол жердегі бүкіл Гүлдала бірақ кетейін деп тұр. Ол жерде өте көп үй салынған, - дейді Ришақ Қалибек. 

Бұған дейін Бек Эйр компаниясының басшылығы қираған үйдің заңды құжаты болмаса өтемақы төлемейтіндерін және бұл үй болмаса ұшақтағы адамдар тірі қалар еді деген уәждерін айтқан болатын. 


Қаралы жұма

Ұшақ апаты 2019 жылдың 27 желтоқсан күні таңертең болған еді. Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы Bek Air әуекомпаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағы таңғы сағат 7.24 кезінде апатқа ұшырап әуежай маңындағы Қызыл ту ауылындағы жаңадан салынған екі қабатты үйге барып соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тауып, 67 адам жарақат алды. Ұшақта 93 жолаушы және 2 ұшқыш пен 3 борт серік болған. Әуе кемесінің командирі Марат Мұратбаев сол жерде көз жұмды, екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.

Алғашқы күні Алматының медициналық мекемелеріне 49 адам түскен, оның 18-і ауыр халде болған. Сондай-ақ 9 бала ауруханаға түскен еді. Қазіргі кезде қала емханаларында 27 науқас бар, оның 7-і бала. Тағы 3 адам медициналық көмекті Нұр-Сұлтан қаласында алып жатыр.

Жансақтау бөлімінде әлі 2 адам бар. Біреуі Алматыдағы көпсалалы клиникалық аурухананда, екіншісі Нұр-Сұлтандағы ортопедия және травматология ҒЗИ-інде жатыр. Барлық зардап шеккендердің, оның ішінде реанимацияда жатқандардың жағдайы тұрақты, денсаулықтары жақсарып келеді. Дәрігерлер жалпы 22 ота жасаған, оның барлығы сәтті өткен.

Апат себебі

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, дегенмен жедел-тергеу тобы бірнеше нұсқаларды қарастырып отырғанын айтқан болатын. Оның біріншісі – экипаж қатесі, екіншісі – борттың техникалық ақауы, үшіншісі – навигация қызметінің жұмысы болуы мүмкін деген болжам жасаған.

Ал ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатының екі себебі пысықталып жатқанын мәлімдеген. Оның біреуі пилоттың қателігі болса, екіншісі – техникалық ақау.

Bek Air компаниясы да апатқа қатысты өздерінің алдын ала нұсқасын мәлімдеді. Аталған әуекомпанияның басшысы Нұрлан Жұмасұлтановтың айтуынша, Fokker-100 ұшағының техникалық жағдай жақсы болған. Оның пайымдауынша, апатқа ұшыраған ұшақтан 1,5 минут бұрын ұшқан Air Astana компаниясының 89 тонналық Airbus A320neo әуекемесінен шыққан ауа иірімдері апатқа себеп болған. Өйткені 39 тонналық Fokker-100 ұшағы көкке көтерілген кезде оңға, солға қарай шайқалған көрінеді. Сол күні жел болмағандықтан ұшақтан бөлінген қою ауа иірімдері Fokker-100 ұшағына кедергі келтірген деген дерек келтіріп отыр. Дегенмен соңғы жауапты үкіметтік комиссиясы алдағы 4-5 күнде беріп қалуы керек. Бұған дейін ұшақтан табылған қара жәшік Ресейге сараптамаға жіберілгені және қаңтардың 10 қарай апаттың алдын ала себептері жарияланатыны айтылған.

Fokker-100

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Fokker-100 ұшағы 1996 жылдың 8 ақпанында шығарылған. Оның 2020 жылдың 21 мамырына дейін ұшу сертификаты бар.

Ұшақ бұған дейін Алматы қаласындағы Bek Air компаниясының авиациялық-техникалық орталығынан тексеруден өткен. Әуеде ұшу уақыты – 44 362 сағат. Тексерістен кейін 361 сағат ұшқан. Апатқа ұшыраған "Fokker-100" ұшағы соңғы рейсін 25 желтоқсан күні Атырау-Алматы бағытында орындапты.

Сарапшылардың айтуынша, орта қашықтыққа арналған Fokker 100 ұшағы Голандияның Fokker әуе компаниясында 1980 жылдары шығарыла бастаған. Алғаш рет 1986 жылы ұшқан. Шамамен 107 жолаушыны тасымалдауға арналған. Тиімсіз менеджменттің әсерінен әуе компаниясы 1996 жылы банкрот болған. Ал, 1997 жылы ұшақты шығару тоқтатылған. Компания жалпы бұл маркадағы 283 әуе кемесін жасаған. Бүгінге дейін оның бесеуі апатқа ұшырапты. Бұл – алтыншысы.

Әлем бойынша осы ұшақтардың апатынан 180 адам қаза тапқан. 1996 жылы Сан-Паулуда Fokker 100 көкке көтерілгеннен кейін 24 секунд ішінде әуежай маңында құлаған. Ол кезде борттағы 95 адам қаза тапқан. Сарапшылардың айтуынша, аталған ұшақ апатына көбіне қозғалтқыштың істен шығуы мен шассидің ашылмай қалуы және гидравлика жүйесіндегі ақаулар себеп болған.


 

Өзгелердің жаңалығы