Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметі туралы жаңа заң әзірлене бастады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, осы бағытта арнайы жұмыс тобы құрылып, ол азаматтық сектордың мүдделерін қорғауға, ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталған бірыңғай құқықтық актіні дайындаумен айналысады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талдықорғанда өткен отырыста Мемлекет басшысы үкіметтік емес ұйымдардың пікірін ескеруді тапсырды. Біз сіздердің бастамаларыңызды жеткіздік, қазір ҮЕҰ қызметі туралы жаңа заңды әзірлейтін жұмыс тобы құрылды. Бірыңғай заң тиімді жұмыс істеуі және ҮЕҰ мүдделерін қорғауы тиіс. Біз мемлекеттік құрылым ретінде, осыған мүдделіміз, - деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, жаңа заңнамалық бастаманың мақсаты – ұйымдардың сапалы жұмысын қамтамасыз ету және мемлекет пен азаматтар арасындағы тиімді кері байланысты нығайту.
19-ынан бастап біз “қызмет ететін мемлекет” тұжырымдамасын, кері байланысты күшейту және Президенттің халықтың үнін естуге деген ұмтылысын талқылап келеміз. Бұл Құрылтай, Ұлттық құрылтай және бұған дейін құрылған Қоғамдық сенім кеңесі сияқты институттардың құрылуынан көрініс табады, - деді Балаева.
Оның айтуынша, мемлекет сындарлы болса да, ең өткір пікірлерді естуге мүдделі. Өйткені бұл жүйелі мәселелерді шешуге және елдің стратегиялық дамуына ықпал етеді.
Министр ақпараттық сала мен креативті экономиканы дамытуға да ерекше назар аударды. Оның сөзінше, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың қарқынды дамуы азаматтардың өзара байланыс орнатуына және өзін-өзі жүзеге асыруына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бұдан 5–10 жыл бұрын біз дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары туралы айтатынбыз. Ал бүгінде кері байланысты қамтамасыз ететін жаңа мессенджерлер мен платформалар жыл сайын пайда болып жатыр. Әлеуметтік желілер қызметтерді, тауарларды және шығармашылықты ілгерілетуге көмектеседі. Соның арқасында креативті экономика белсенді дамып, жалпы экономиканың бір бөлігіне айналды, - деп атап өтті министр.
Аида Балаеваның айтуынша, мемлекет шығармашылық бастамаларды қолдау және азаматтардың идеяларын жүзеге асыру үшін институционалдық жағдайлар жасап жатыр. Ең басты міндет — қоғамдағы өзгерістерден оң тәжірибе алып, оны елдің дамуына бағыттау.
Еске салайық, бұған дейін Аида Балаева Астанада үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездескенін хабарладық.
Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрі қоғамдық бақылауды күшейтуге шақырды.
Министр цифрландыру мен жасанды интеллект азаматтық қоғамның дамуына ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.