ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы байқау сынақтарын іске қосты. Тестілеу онлайн форматта орталықтың сайтында жүзеге асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Байқау сынағы оқуға түсушілерге ҰБТ-ға дайындалуға көмек ретінде әзірленді. Талапкерлерге ҰТО сайтында app.testcenter.kz/ сілтемесі бойынша онлайн тестілеуден өту мүмкіндігі беріледі.
Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылғы ҰБТ-да пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтсек, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады.
Осы өзгерістерді есепке ала отырып, біз жаттықтандыру тестін іске қостық. Қазір талапкерлер үшін байқау сынағының бір нұсқасы қолжетімді, жақын арада тағы да бірнеше нұсқа қосылады. Сондай-ақ, оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған әдебиеттер тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды. Дайындық сапасын жақсарту үшін осы және басқа да қабылданған шаралар түлектерімізге ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетуге көмектеседі деп үміттенеміз, – деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Осылайша, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлерге қолайлы жағдай жасау бойынша барлық шара қабылдап жатыр.