Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев ҰБТ кезінде ерекше қажеттіліктері бар түлектерге қосымша 40 минут берілетінін айтты.
Шекті балда аса көп өзгерістер жоқ. Тек «Құқық» бағыты бойынша ғана шекті балл 75-ке дейін көтерілді. Ал басқа бағыттар бойынша ешқандай өзгерістер жоқ. Сонымен қатар биылдан бастап ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт беріледі. Сонымен қатар оларға берілетін тесттердің сапасы және құрылымы мүмкіндіктеріне қарай өзгертілді, - деп айтты Тойбаев.
Оның сөзінше, академиялық адалдықты сақтау мақсатында әрбір тестіленушінің тест нұсқасы таңбаланады. Яғни әр тест тапсырушының таңбаланған жеке тест нұсқасы болады.
Тест тапсырушы белгілі бір бұзушылыққа жол берсе, ол анықталып, тест нәтижесі жойылады. Ақпараттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында биыл ҰБТ-ны «бір компьютер – екі камера – бір тестіленуші» қағидаты бойынша жүргіземіз. Бұған дейін бір камера ғана болса, енді биылдан бастап тағы бір фронтальды камераны қостық, - деді ол.
Еске сала кетейік, үш міндетті және екі таңдауы бойынша пәндердің тест тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан - 15, математикалық сауаттылықтан - 15, оқу сауаттылығынан - 20 және екі бейіндік пәннен - 35. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут).