ҰБТ-да 71 талапкердің нәтижесі жойылды

Бүгiн, 14:57
198
Бөлісу:
ҰБТ-да 71 талапкердің нәтижесі жойылды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қаңтар айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасында 31 мыңға жуық адам тест тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шекті балды 60%-ға жуық талапкер жинады. Тестілеу нәтижесі бойынша орташа балл 58 балды құрады. Ең жоғары балл – 136, оны Түркістан облысының оқушысы жинады.

Тестке қатысушылардың 69,3%-ы қазақ тілінде, 30,6%-ы орыс тілінде, 27 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда, 18,2%-ы "Математика-Физика" пәндер комбинациясын тапсырды. 13,5%-ы "Биология-Химия", 13,3% "Шығармашылық емтихан" комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – "Химия-Физика", оны 55 адам тапсырған.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында қаңтар ҰБТ-сына 101 талапкер қатысты.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады, бұл жағдайда сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Қазіргі таңда 71 адамның нәтижесі жойылды. Оның ішінде 37 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 34 адам шығарылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.

Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтар ҰБТ-сы 13 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Тестілеуге қатысуға 167 мыңға жуық талапкер ниет білдірген.

Өзгелердің жаңалығы