ҰБТ: Ауыл баласы рекорд орнатты

28 Маусым 2024, 15:40
552
Бөлісу:
ҰБТ: Ауыл баласы рекорд орнатты
Фото: Талғар ауданы білім бөлімі

Талғарлық оқушы ҰБТ-да бір-бір сұрақтан қателеспей, ең жоғары 140 балл жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы №22 жалпы білім беретін орта мектеп түлегі Еңсебек Жаннұр ҰБТ-да барлық сұраққа жауап беріп, 140 балл жинады.

Еңсебек Жаннұр - алтын белгі иегері.

Бұған дейін Түркістан облысы, Кентау қаласының оқушысы Ұлттық бірыңғай тестілеуден 138 баллды жинаған сәті, оны жақындарына сүйіншілеген эмоциясы әлеуметтік желіде кең тараған болатын

Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 264 мың рет тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, 197 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 77% талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды құрады.

ҰБТ-ны өткізудің алтыншы аптасында Алматы облысының түлегі ең жоғары 140 балды жинады. Талапкер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша кеше, 27 маусымда, Алматы облысының Есік қаласында тапсырған. Естеріңізге сала кетсек, соңғы рет ҰБТ нәтижесі бойынша 140 балды Павлодар облысының талапкері 2021 жылы жинаған болатын, ал 2018 жылы Алматы қаласының талапкері жинады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға алты аптаның ішінде 620 талапкер қатысты.

Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Өзгелердің жаңалығы