ҰБТ-2021: 88 мыңнан аса түлек шекті балды жинады

2 Шілде 2021, 16:52
2729
Бөлісу:
ҰБТ-2021: 88 мыңнан аса түлек шекті балды жинады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының м.а. Наужан Дидарбекова биыл қанша түлек ҰБТ тапсырғанын және қанша бала шекті балды жинай алғанын айтты.

2021 жылғы ҰБТ-ге өтініштер сәуір айынан маусым айына дейін жалғасты. Нәтижесінде 285 164 өтініш қабылданды.

Қазіргі таңда ҰБТ-ға жақсы өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы арқылы бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік болды. Мысалы, бітірушілер мен ата-аналардың эмоционалдық шиеленісті, стресті азайту мәселесі, сондай-ақ академиялық адалдық мәселесі, балаларға қолайлы жағдай жасауды қарастырдық. Сонымен бірге тестілеу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету және сұрақтардың мазмұнын өзгертуге де көп көңіл бөлінді, - деп айтты ол брифингте.

ҰБТ-ға 145 288 талапкер қатысты. Оның ішінде 109 693-і (75,5%) қазақ тілінде, 35 245 немесе 24,3%-ы орыс тілінде, 350 (0,2%) ағылшын тілінде тест тапсырды.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы – 69,08-ді құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5 балға артық. Шекті балды 88 101 (60%-дан астамы) түлек жинады. 57 187 (39,4%) тестіленуші шекті балды ала алмады, - деп атап өтті Наужан Дидарбекова.

Ол орташа балдың өсуі мектеп бітірушілердің тестті екі рет тапсыруымен байланысты деп есептейтінін айтты.

1 923 оқушы 120 балдан жоғары жинаса, ең жоғары 140 балды бір тестіленуші иеленді. Былтыр жоғары балл 139 болды.

Өзгелердің жаңалығы