ҰБТ-2021: 20 балл айырмашылығы бар талапкерлердің видеосы зерттеледі – Аймағамбетов

7 Шілде 2021, 12:38
4028
Бөлісу:
ҰБТ-2021: 20 балл айырмашылығы бар талапкерлердің видеосы зерттеледі – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында айтты.

Өздеріңіз білетіндей, ҰБТ аяқталды. Оған 145 мыңнан астам талапкер қатысты. Биыл талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Менің ойымша, бұрын-соңды болмаған өте қолайлы жағдай жасалды. Балалар үшін ыңғайлы формат болды. Сонымен қатар академиялық адалдық қағидаларын сақтау үшін маңызды қадам болды, - деді министр.

Аймағамбетов атап өткендей, тамыз айына дейін барлық камера бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тәуекелдер анықталса, тиісті шешім қабылданады.

Алдыңғы жылы да алғаш рет мұндай жұмыс жүргізілді. Сол кезде өзін дұрыс ұстамай, бекітілген талаптарға сәйкес келмейтін қылықтар жасағаны және ережелерді бұзғаны үшін бірнеше талапкердің нәтижелері жойылған болатын. Мысалы, осы жылы наурызда өз еркімен тапсырған сынама тестілеу болды. Енді сынама тестілеу мен ҰБТ балдарын салыстырып, 20 балдан көп ауытқуы бар талапкерлердің видеосын бөлек қарап, зерттеу өткізіледі, - деп түсіндірді бас ұстаз.

Оның сөзінше, 20 балл ауытқу болса, онда осындай тәуекелдерді зерттеу қажет.

Өзгелердің жаңалығы