Уәли: Президент экотуризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды

18 Қараша 2020, 11:22
1458
Бөлісу:
Уәли: Президент экотуризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.

Кеше Facebook әлеуметтік желісінде Президенттің Бозжыра қорығы аумағында салынатын қонақ үйдің құрылысын қайта қарауды тапсырғаны жайында жазып едік. Аталған жазба ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, түрлі сұрақтар қойылып жатыр. Сондықтан осы мәселеге тағы бір мәрте оралып, қосымша түсініктеме бергенді жөн деп таптық, - деп жазды Берік Уәли.

Оның айтуынша, қазір қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорағына орасан зиянын тигізуде.

Маңғыстау облысында туризмді дамыту – Үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар басталып кетті. Бес жұлдызды қонақ үй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз. Жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақ үй салу жобасы ұсынылды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорағына орасан зиянын тигізуде. Президент экологиялық туризмді өркениетті жолмен дамытуды қолдайды. Ол үшін қажетті инфрақұрылым, ең алдымен, жайлы қонақ үйлер қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке қонақ үй салу жобасын қайта қарауды тапсырды. Бірақ, бұл жоба осымен тоқтайды дегенді білдірмейді. Қоғамдық кеңестердің, эколог сарапшылардың және мемлекеттік ведомстволардың ой-пікірлері ескеріле отырып, қонақ үй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалады, - деп қорытындылады ол.

Өзгелердің жаңалығы