Солтүстік Қазақстан облысына сапар барысында қорғаныс бөгендері мен су тораптарын нығайту процесі қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс сапарымен барып, М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының материалдық-техникалық базасының жай-күйімен, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысымен және жеке құрамның жақсартылып жатқан қызмет ету жағдайларымен танысты.
Сапар аясында вице-министр академияның оқу-жаттықтыру орталығында болып, курсанттармен және оқу орнының басшылығымен кездесу өткізіп, ағымдағы мәселелер мен оларды шешудің мүмкін жолдарын талқылады. Вице-министр ТЖМ бейінді департаменттеріне академияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар Кеген Тұрсынбаев Ақмола облысындағы өрт сөндіру бекеттерінің, оның ішінде Красный Яр ауылындағы бекеттің жұмысымен танысып, қызметкерлердің жұмыс жағдайларын жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Қазіргі уақытта Зеренді ауданы Садовое ауылының өрт сөндіру бекетінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Солтүстік Қазақстан облысына сапар барысында қорғаныс бөгендері мен су тораптарын нығайту процесі қаралды, онда су тасқыны қаупін азайту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Петропавл қ., Қызылжар ауданының Тепличное және Прибрежное ауылдарында қорғаныс бөгендерін, Большая Малышка ауылындағы қорғаныс білігін нығайту бойынша жұмыстардың нәтижелері қаралды. Сонымен қатар вице-министр Петропавл және Сергеев су тораптарының жұмысымен, Есіл ауданындағы Есіл өзенінде жарылыс жұмыстарын жүргізу орындарымен танысты.
Біздің міндетіміз - ТЖМ қызметкерлерінің жұмысы мен қызметі үшін барынша қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ халықты ықтимал табиғи апаттардан қорғау. Инфрақұрылымды нығайтуға, сондай-ақ біздің мамандардың еңбек жағдайларын жақсартуға байланысты бірқатар өзекті мәселелер зерделенді. ТЖМ олардың тиімділігі мен төтенше жағдайларға дайындығын арттыру үшін барлық оқу және жедел бөлімшелерді қолдауды және дамытуды жалғастырады,-деп вице-министр атап өтті.
Сапар соңында халықты және аумақты ықтимал су тасқынынан қорғау мақсатында алдын алу іс-шараларын одан әрі іске асыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді, құтқарушылар жұмысының тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базаны және жеке құрамның қызмет өткеру жағдайларын жақсарту жөніндегі Төтенше жағдайлар министрінің талаптары жеткізілді.