ТЖМ қызметкері өрт сөндіру кезінде қаза тапты

8 Қыркүйек 2022, 16:54
1376
Бөлісу:
ТЖМ қызметкері өрт сөндіру кезінде қаза тапты

Абай облысында өрт сөндіруші қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Төтенше жағдайлар министрлігі Айдос Тоғызбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Айдос өз ісінің маманы ретінде әріптестердің есінде мәңгі қалады. ТЖМ қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді. Абай облысы ТЖ департаментінің психологтары өрт сөндірушінің туыстарына көмек көрсетіп жатыр, - делінген таратылған хабарламада.

7 қыркүйек күні сағат 13:35-те 112 кезекші пультіне Абай облысы Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округі Бірінші ауылының учаскесінде құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Шақыру орнына №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілген.

Шақыру орнына келген өрт сөндірушілер дереу өртті сөндіруге кіріскен.

Табиғи өртті сөндіру кезінде өрт сөндіру автоцистернасы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының өрт сөндіруге су жеткізетін КАМАЗ (12 текше метр) су алды. Осы кезде жел бағытының өзгеруі салдарынан өрт автоцистернаға қарай аумақты шарпыды. Техникаға арналған эвакуациялау жолдары барлық жағынан отқа оранып, биіктігі екі метр қараған ағашы өртенді, - делінген хабарламада.

Өрт сөндірушілер жағдайды бағалап, өрт-техникалық қару-жарақты жинауды тоқтатып, шұғыл эвакуациялауға кіріскен. Автоцистерна мен КАМАЗ су тасымалдаушы көлігі толығымен жанып кетті.

Салдарынан өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков пен өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері Айдос Тоғызбаев, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Салимжан түрлі дәрежедегі күйік алып, Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына жатқызылды.

Өрт аумағы 500 га, өрт 8 қыркүйекте сағат 5.40-та сөндірілді. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан 14 адам мен 5 техника жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Айдос қатты күйік алып, жарақатынан ауруханада көз жұмды. Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев қаза тапқаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасына ұсынылды, - делінген ТЖМ таратқан хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы