Кеше түнде "112" пультіне Ақтөбе облысының Белогорка және Өлке елді мекендері арасында техниканың ақаулығынан екі адам ауылға жете алмайтыны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ сайтына сілтеме жасап.
Іздеу жұмыстарын жүргізу үшін ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына шығып, жоғалған азаматтарды Өлке ауылынан 5 шақырым жерде тапты. Жоғалған адамдарға медициналық көмек қажет болмады. Олар "Мерген" шаруа қожалығына жеткізілді.
ТЖМ ауа-райының қолайсыз кезеңдерінде мүмкіндігінше алысқа жолға шықпауға кеңес береді. Ал жолға шыққан жағдайда әрқашан жанұя мүшелеріне қайда бағыт алғандығын ескертіп, қысқы ауа-райында қалың киініп, өзімен бірге қажетті азық-түлік пен сіріңке, қол шам, май шам, арқан секілді қажетті құралдарды алып жүруді еске салады.