Төтенше жағдайлар министрлігінде ТЖ вице-министрі Батырбек Әбдішевтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырыс барысында еліміздің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Отырыс бейнеселекторлық режимде орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің, облыстар, Алматы және Шымкент қалалары әкімдері орынбасарларының, сейсмикалық қауіпті өңірлердегі ТЖД бастықтарының қатысуымен өтті. Қатысушылардың баяндамаларында сейсмикалық қауіпсіздік және сейсмологиялық бақылау желісін жаңғырту мәселелері бойынша жұмыстар қозғалды.
Төтенше жағдайлар, цифрлық даму, ғылым және жоғары білім, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылары сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту және сейсмологиялық зерттеулер инфрақұрылымын дамыту шараларын ұсынды.
Еліміздің республикалық маңызы бар 2 қаласы мен 13 өңірі сейсмикалық қауіпті. Сейсмикалық қауіпсіздік проблемаларын кешенді шешу үшін ҚР Үкіметінің Қаулысымен сейсмологиялық саланы дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары бекітілді. Осы жоспар аясында сейсмикалық тәуекелін бағалау және жер сілкіністерінен болатын залалды болжау, мониторинг желісін кеңейту көзделген, - деді ТЖМ ТЖ алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Айбол Ақпаров.
Сонымен қатар ТЖМ "Азаматтық қорғау туралы" Заңына өзгерістер енгізу шеңберінде мемлекеттің, кәсіпкерлердің және халықтың осы саладағы өзара қарым - қатынасын реттейтін жеке тарау енгізуді ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-министр Батырбек Әбдішев мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жетекшілік ететін бағыттар бойынша адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін жүргізуді, сейсмикалық құбылыстардың алдын алу және әсерін азайту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
Отырыс соңында хаттамалық шешім қабылданды.