Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 24 маусымда Алматы қаласында «№405 авиажөндеу зауыты» АҚ аумағында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне Қазақстанда құрастырылған Ми-8АМТ екі тікұшағын беру рәсімі өтті.
Іс-шараға Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев қатысты.
Вице-министр 2020 жылғы желтоқсанда Қазақстанда құрастырылған Ми-8АМТ алғашқы 2 тікұшағы да Қазақстан ТЖМ-нің пайдалануына берілгенін атап өтті.
ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, әуе кемелері Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында әзірлікте тұр. Олар Түркістан облысының тауларындағы іздестіру-құтқару операцияларына, шұғыл медициналық эвакуациялауға, орман авиациялық жұмыстарына және еліміздің аумағындағы су тасқыны қаупі бар кезеңде аэровизуалды барлау жұмыстарына жұмылдырылды.
ТЖМ тікұшақтар паркін толықтыру «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ, «№ 405 авиажөндеу зауыты» АҚ және «Ресей тікұшақтары» АҚ арасындағы үшжақты келісім аясында іске асырылады.
Тікұшақтар ТЖМ орындайтын міндеттерді ескере отырып қалыптастырылған. Олар жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға, зілзалалар мен табиғи апаттар аймақтарындағы авариялық-құтқару жұмыстарына, ормандарды күзетуге, өрт сөндіруге, сондай-ақ халыққа санитариялық авиация қызметтерін көрсетуге бейімделген. Техника авиациялық қызметтер мен жұмыстардың кең спектрін орындауға арналған. Ол заманауи жабдықтармен, ұшудың практикалық ауқымын 2 есеге арттыратын қосымша отын бактарымен жабдықталған, - делінген баспасөз хабарламасында.
Ми-8АМТ модификацияланған әуе кемесінде ұшуларды орындау үшін ТЖМ ұшу және инженерлік-техникалық құрамынан 18 адам (12 ұшқыш және 6 борт-механик) Ұлан-Удэ қаласындағы «Баргузин АК» авиациялық оқу орталығында ұшу даярлығынан өтті.
Іс-шара соңында бірінші вице-миистр алдағы уақытта ТЖ министрлігінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыс жалғасатынын атап өтті. Ол табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде құтқару операцияларын жүргізудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.